Мәскеудегі үйінің жанында оппозициядағы саясаткер Владимир Кара-Мурзаны полиция әкеткен. Бұл жөнінде серігі, оппозиционер Илья Яшин хабарлады.
Кара-Мурзаның адвокаты Вадим Прохоровтың сөзінше, оны ішкі істер бөліміне алып барған, бірақ адвокат кіргізбеген.
SOTA телеграм-арнасының мәліметінше, "Кара-Мурза полицияға бағынбады" деген хаттама толтырылған.
2015 және 2017 жылдары Кара-Мурза қатты уланып, ауруханаға түскен еді. Францияда жасалған сараптама қорытындысы саясаткер денесінде ауыр металл нормадан едәуір жоғары екенін көрсеткен. Кара-Мурза Тергеу комитетіне арызданғанымен оған қастандық жасалғаны жөнінде қылмыстық іс қозғалмаған.
Кара-Мурза мұны Ресей билігінің тапсырмасы деп есептейді. Азаттық радиосына берген сұқбатында Владимир Путиннің төңірегіндегі адамдарға жеке санкция салдыру үшін көп жыл жұмыс істегенін, өзін улауға сол себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Кара-Мурза АҚШ-тың "Магнитский заңын" қабылдауына ықпал еткен саясаткерлердің бірі. Ол Борис Немцовқа жасалған қастандықты зерттеп, Ресейдегі саяси қуғын-сүргінді ашық айтып келген.
Ресей Украинаға басып кірген соң, наурыз айында Кара-Мурза өзге де оппозиционерлермен бірге "Соғысқа қарсы комитет" құрған. Комитет мүшелері әлемдік қауымдастықты соғыс бастауға бұйрық берген Ресейдің саяси басшылығын "әскери қылмыскер" деп жариялауға шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Bellingcat: Кара-Мурзаның улануына ФСБ тобының қатысы бар ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Навальныйды улаған" ФСБ өкілдері 3 адамды өлтірген болуы мүмкін. Bellingcat зерттеуі не дейді? ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қасақана у берген". Кремль сыншысы Кара-Мурзаның жұмбақ сырқаты және ФБР-дың жаңа деректері