12 сәуірде Қазақстанның шығысындағы Семей қаласында Геодезия және картография колледжінің ондаған студенті оқу корпустарын жаңадан құрылып жатқан Абай облысының күштік органдарына босатып беруге қарсы шықты. Студенттер акция кезінде "Қарсымыз!" деп айқайлады.
Колледж директоры Қаныш Төлеуовтің сөзіне қарағанда, мәселе колледждің екі корпусын мемлекеттік орган бөлімшелеріне беру мәселесінен туындап отыр.
—Қазір жағдай бұлыңғыр. Ешкім ешқандай шешім шығарған жоқ, бұйрық, қаулы қабылдаған жоқ. Бүгін білім басқармасы және барлық колледжбен жиналыс өтті. Қазір осының бәрін талқылап жатырмыз – мүмкін, ғимараттарды жөндеп, қайта жабдықтауды олар тиімсіз деп табар, – деді ол.
Бұл колледж "геодезия және картография" мамандығы бойынша маман даярлайтын республикадағы жалғыз орта кәсіптік білім беретін оқу орны. Онда 440 студент оқиды.
Оқу орны басшылығының айтуынша, колледжге уақытша құрылыс колледжін паналауды ұсынған, бірақ оқу корпустары нақты қай ведомствоға берілетіні әзірге белгісіз. Колледж басшысы "сығылысуға даярмыз, тек оқу орны жабылмаса болды" дейді.
Ал Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы "алаңдауға негіз жоқ" деп мәлімдеді.
"Қазір білім басқармасы Абай облысының құрылуына байланысты Семей колледжінің материалдық-техникалық базасына сараптама жүргізіп жатыр. Сыбыстардың тарауы осымен байланысты шығар. Колледжді жабу немесе оны басқа колледжге қосу жөнінде мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Студенттер сәйкес мамандықтары бойынша диплом алады. Семейдегі барлық колледж облыс қана емес, республика бойынша маңызды кадрларды дайындап жатыр. Студенттердің ата-аналарына алаңдауға негіз жоқ" деді облыстық білім басқармасының жетекшісі Сайрангүл Жұмаділова. Оның сөзінен Semeyainasy.media сайты үзінді келтіреді.
Семейде өзге колледждер мен мектеп ғимараттары да жаңадан құрылып жатқан Абай облысының әкімдігіне қарайтын құрылымдарға берілуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Технология колледжі мен музыка мектебі оқушыларының ата-аналары мен мектеп ұжымы осы ақпаратқа алаңдады.
"Абай облысын құру туралы идеяны жүзеге асыру үшін балалардың шығармашылық дамуын құрбан ету қажет пе?" деп жазды музыка мектебінің қызметкерлері мен оқушылардың ата-аналары хатта.
Семейде 32 колледж бен 8 жоғары оқу орны бар.
16 наурызда "халыққа жолдауында" президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тағы үш облыс: Шығыс Қазақстанда – Абай облысы, Қарағанды облысында – Ұлытау, Алматы облысында Жетісу облысы құрылатынын мәлімдеген.
Абай облысына 1939-1997 жылдары Семей облысының құрамында болған аудандар кіреді. 1997 жылы "шығынды азайту мақсатында" облыс таратылып, аумағы тұтас Шығыс Қазақстан облысына берілген еді.