"Әділ сөз" және Қазақстанның Журналистер одағы парламент спикері мен ақпарат және қоғамдық даму министріне ашық хат жазып, ақпарат құралдарының жұмысын шектемеуге үндеді.
Осы апта ортасында парламентте ақпарат құралдарына кулуарда шенеуніктерді ұстап, сұрақ қоюын шектейтін ереже қабылдаған. Бұған қоса, олардың баспасөз бөлмесін "байланыс нашар ұстайтын" нөлінші қабатқа ауыстырған. Жаңа ереже депутаттардың жиыны өтетін залға журналистердің кіруін де шектеді. Бұған ақпарат құралдары наразы болған.
15 сәуір күнгі мәлімдемесінде парламенттің бұл ережелерін сынаған баспасөз қорғау ұйымдары оны "БАҚ-ты сыйламау, адам құқықтарын шектеу" деп атады.
"Бұл маңызды әлеуметтік функциясы бар БАҚ-ты қоғамдық институт ретінде сыйламау дегенді білдіреді. Бұл ережелер қоғамның ақпарат алу құқығын шектеп, билік пен қоғам арасында сенімнің қалыптасуына кедергі келтіргендіктен оларды алып тастауды сұраймыз" деп жазылған екі ұйымның атынан тараған ортақ мәлімдемеде.
Хат авторларының ойынша, бұл ережелер шенеуніктердің өткір сұрақтардан жалтаруына, парламент отырыстарындағы кемшіліктерді жасыруға жағдай жасайды.
Осыған дейін шектеулердің бірін мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ұсынғаны хабарланған. Ол Азаттыққа "жиналыста мәселе талқыланып жатқанда егер ол жерде жүз камера шұбырып жүрсе жұмыс істеуге қиындау болады. Отырыстарды онлайн да бақылауға болады" деген еді.
Ал ақпарат құралдарының өкілдері бұл ережелер кәсіби қызметіне кедергі келтіретінін айтып, сынаған.
Видео: Парламент "журналистер депутаттардың соңынан жүгірмесін" дейді (13 сәуір 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге ұшырайды.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.