Былтыр күзде қамаудан босап шыққаннан кейін екі айдан соң көз жұмған диссидент, ақын Арон Атабектің қызы Алма Нұтышева әкесінің денесінен табылған "белгісіз затты" полицияның бермей отырғанына шағымданды. Ақын қазасының себебін тергеген Алматының Әуезов аудандық прокуратурасы 24 наурызда Арон Атабек коронавирустан қайтыс болды деген тұжырым жасап, қылмыстық істі тоқтатқан. Бірақ Атабектің қызы әкесінің денесінен табылған кішкентай жұмбақ заттың диссидент өміріне қалай әсер еткенін білгісі келеді.
— Мен әкемнің әдеттегі бір аурудан өлгеніне сенбеймін. Оның денесіне сараптама жүргізілгенде кейбір жері сынғаны анықталды. Кеңірдегі, қолы мен аяғы қатты сынған. Мұның бәрі — қамауда отырғанда көрген азабы. Бұл — бір. Екіншіден, әкемнің оң аяғынан белгісіз пластик зат табылды. Оның қалай тап болғаны белгісіз. Біреулер енгізді ме, белгісіз. Әкем де бұл туралы білмеген. Назар аударатын бір нәрсе, мен тәуелсіз сараптама жүргізу үшін осы затты маған беруін сұрап, полицияға арыз жаздым. Бірақ маған берген жоқ. Енді Әуезов аудандық прокуратурасын сотқа беремін. Арон Атабек қаза болғанымен, оның ісі туралы әңгіме әлі біткен жоқ. Жалғасып жатыр, – деді Алма Нұтышева 15 сәуірде Азаттық тілшісіне.
Оның сөзіне қарағанда, "Шаңырақ оқиғасы" кезінде әкесінің оң аяғына оқ тиген. Бірақ Арон Атабек оқиға туралы жазбасында "оқ түсіп қалғандықтан өзінің жараланғанын дәлелдей алмағанын" жазған.
"Бұл сол оқтың қалдығы ма, әлде басқа ма, белгісіз" дейді Алма Нұтышева.
Ол затқа тәуелсіз медициналық сараптама жүргізгісі келеді, бірақ құқық қорғау органдарының әрекеті соған кедергі болып отырғанын айтады. "Жұмбақ затты" беруден бас тартқан құзырлы органдар себебін де түсіндірмеген.
Алма Нұтышева диссиденттің өліміне байланысты істі қоғам бақылағанын қалайды.
Азаттық тілшісі әзірге құзырлы органдардан жауап ала алмады.
"Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған диссидент, ақын Арон Атабек былтыр қазанда қамаудан босатылып, екі айдан кейін ауруханада көз жұмған.
Атабек өзіне тағылған айыппен келіспей, жылдар бойы толық ақтауды талап еткен. Ол түрмеде шыққаннан кейін бір топ белсенді мен саясаткер Арон Атабекті қорғау комитетін құрып, халықаралық сотқа шағымданып, Арон Атабектің ісін қайта қарауға қол жеткізуге күш салатынын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.
Арон Атабек тірі тұрғанда өзінің денсаулығының нашарлауына түрмедегі қатаң жағдай мен азаптаулар себеп болғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмеден шыққан Арон Атабектің суреті көрген жанды шошытты