Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері қаза болып, он мың солдат жараланғанын айтты. "Қаншасы аман қалатыны белгісіз" деді ол.
Тараптар адам шығыны туралы мәліметті сирек жариялайды.
25 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі әскери қимылдар кезінде 1351 орыс солдаты опат болып, 3825 сарбаз жараланғанын айтқан. Содан бері Кремль жаңа мәлімет жарияламады.
Украина қорғаныс министрлігінің пікірінше, Ресей жағы шамамен 20 мың солдатынан айырылған.
АҚШ барлау қызметі өз дерегіне сүйене отырып, наурыздың ортасында соғыс кезінде Ресейдің 8-14 мың жауынгері қаза болды деп мәлімдеген.
- 24 ақпанда Ресей "денацификация" және "демилитаризация" жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.
- Жеті аптадан астам уақыт ішінде Ресей әскері Украинаның көптеген қалаларын атқылап, зымыранмен соққы берді. Тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және өзге де азаматтық нысандар қирады. Көптеген дәлелдерге қарамастан Ресей билігі бейбіт азаматтар шоғырланған азаматтық нысандарға шабуыл жасағанын жоққа шығарады.