Апта басынан бері әлеуметтік желіде форма киген адамдар мінген әскери жүк көліктерінің Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендерде жүргені туралы видео тараған. Видео Бөкей ордасы ауданындағы Темір Масин атындағы селолық округ маңында түсірілген деп айтылады.
Украинада соғыс жалғасып жатқан тұста және бірқатар ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға "шүйлігуінен" кейін Ресей туын ұстаған әскери көліктердің шекараға жақын елді мекендерде жүруі қолданушыларды алаңдатқан.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Ресей әскері Қазақстаннан жалға алған әскери полигонда жаттығу өткізу үшін келді деп мәлімдеді.
"Ресей әскерилері Бөкей ордасы ауданындағы полигонға кетіп бара жатқан. Олар жолшыбай Бөрілі ауылында дүкенге кіріп, азық-түлік алып, көп кідірмей жолға шыққан. Олар заңға қайшы ештеңе жасамаған" деді әкімдік өкілдері.
Қазақстан қорғаныс министрлігі ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Ресей Қазақстанның үш аймағынан (Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары) әскери полигондарды жалға алған.
Украинадаға соғыс басталғалы бері осыған ұқсас видео наурызда да тараған. Ол кезде Ресей әскери техникасы Қостанай көшелерінен байқалған.
Оқиғаға түсініктеме берген Қазақстан қорғаныс министрлігі Қостанай облысында ресейлік "іздеу-құтқару командасы өкілдерінің сол өңірге қонған ғарышкерлер капсулын іздеп жүргенін" айтқан.
Украинада соғыс басталғанға дейін де Мәскеу саясаткерлері Қазақстанда "русофобия" барын айтып, "территориялық претензия" айта бастаған. Жуырда Мәскеу қалалық думасының депутаты "денацификация аймағына" Қазақстанды да енгізу қажеттігін мәлімдеген. Ал Қазақстан билігі депутаттың мәлімдемесіне реакция білдірмейтінін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мәскеудің "орыстарды қорғауы", Нұр-Сұлтанның Кремльге "жалтақтауы"Қарағанды университеті "Орыс орталығының" ашылғанын жоққа шығарды"Көп жерімізден айырылдық". Путин "Ресейдің сыйлығы" жайлы тағы айтты"Орыс аюы" иек астында. Солтүстік өңірдегі жұртты не мазалайды?"Қазақ елінен кешірім сұрасын". Алматылық белсенділер Ресей консулдығына барып, наразылық білдірді