Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 21 сәуірде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде "Мариуполь қаласын бақылауға алғаны" жайлы есеп беріп, "тек "Азовсталь" комбинатының аумағына әлі бақылау орнатылмағанын" айтты.
"Украиналық күштер мен шетелдік жалдамалылар "Азовсталь" ішінде қамалып отыр. Қаланы толығымен бақылауға алуға 3-4 күн керек" деді Шойгу.
Путин Мариупольдегі "қарулы жұмысты" "сәтті" деп атап, ресейлік әскерилерге награда беруді тапсырды. Ресей президенті "Азовстальға" шабуылды "бос іс" деп атап, Шойгуға комбинатқа шабуылдауды доғаруды бұйырды.
"Бұл жағдайда біз солдаттарымыз бен офицерлеріміздің өмірін сақтауды ойлауымыз керек. Бұл катакомбаға жолаудың қажеті жоқ, өнеркәсіп базасының астына түсудің де керегі шамалы. Өнеркәсіптік аймақты шыбын ұшпайтындай жауып тастаңдар" деді Путин.
Ал Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Путиннің штурмды тоқтату туралы бұйрығына қатысты "Демек, олар "Азовстальды" ала алмайтынын түсінді. Олар сол жерде көп шығынға ұшырады. Штурмнан бас тартудың тағы бір себебі әскери күштерінің бір бөлігін Мариупольден солтүстікке, Донецк пен Луганск шекарасына жібергеннен болуы мүмкін. Бірден айтамын, мұны жүзеге асыру олардың қолынан келмейді" деді.
21 сәуірде Украина вице-премьері Ирина Верещук Ресей әскерилерінен "Азовстальдан" гуманитарлық дәліз ашуды талап етті.
"Қазір комбинатта мыңдай бейбіт тұрғын мен жараланған 500 әскери бар. Оларды "Азовстальдан" бүгін шығар керек! Әлем лидерлері мен халықаралық қауымдастықты "Азовстальға" көңіл бөлуге шақырамын" деді ол.
Мариуполь қаласы 1 наурыздан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Украина билігі қаладағы 80-90 пайыз инфрақұрылым толық қирағанын, қалада 20 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза болғанын мәлімдеген.
Бұл қаланы негізінен украиналық "Азов" батальоны қорғаған. Ресей билігі "Азов" батальонын "нацистер" деп, Мариупольді "нацистер астанасы" деп атайды. Киев қалада 10 мыңнан аса адам қалғанын, Ресей күштері оларды қаладан шығармай отырғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Көшедегі қабірлер, жертөледегі жұрт, өртенген үйлер. Бір айда түгі қалмаған Мариупольден фотолар"Отанымызды қалпына келтіруіміз керек". Қоршаудағы Мариупольде қалған жұрт