22 сәуірде Қытайдың Шыңжаң өлкесінен 20 қазақ отбасы Алматыға ұшып келді. Оларды Алматы әуежайынан күтіп алған "Отандас ел" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұқан Мамытхан осыдан бес жыл бұрын көші-қон шақыртуын жібергендерін айтады.
– 2017-2018 жылы Қытайда тұратын 100 үйге көші-қон шақыртуын жіберген едік. Соның алғашқы бөлігі келіп жетті. Біздің есебіміз бойынша жыл соңына дейін шақырту жібергендер түгел келіп болуға тиіс, – дейді Мұқан Мамытхан.
Оралмандардың бірі 59 жастағы Оралтай Нұрдынай Құлжа қаласынан келген. Отбасында жеті адам бар. Айтуынша, Қытай билігі қазір тек отбасымен толық көшетіндерге ғана рұқсат беріп отыр.
– Құлжадан Үрімжі-Шенг Ду арқылы төрт күн жүріп келдік. Атажұртқа жеткенімізге қуаныштымыз. Алдағы жоспарды туыстармен ақылдасып шешеміз, - деді ол телефон арқылы.
Ақпаратқа қарағанда, 20 отбасы уақытша Алматы облысына орналастырылады.
2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын байырғы ұлт өкілдері қысымға ұшырай бастаған, олардың арасында қазақтар мен қырғыздар да бар. Қытай билігі мұсылмандарды жаппай ұстап, жергілікті жұрт "саяси тәрбиелеу лагері" деп атаған жерге қамап, қытай тілін үйренуге, Компартияның ұрандарын жаттауға мәжбүрлеген. Мұсылман дінін ұстанатын адамдар ұзақ жылға сотталған.
АҚШ пен Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауын қатаң айыптап, кейбір компаниялар мен шенеуніктерге санкция салған. Ал Пекин Шыңжаңның байырғы ұлт өкілдерін қудалап отырғанын жоққа шығарады және қамау орындарын "саяси қайта тәрбиелеу және кәсіпке баулу орталығы" деп атайды. Қытай билігінің айтуынша, олар осы арқылы аймақтағы радикализммен және терроризммен күресіп жатыр.
2019 жылдың соңына қарай шекара ашылып, Қазақстанға он шақты отбасы көшіп келгенімен, 2020 жылдан бастап пандемияға байланысты көш қайта тоқтаған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Қазақстанға өзге елдерден 1820 қазақ оралып, қандас мәртебесін алған, 200-ден астамы Қытайдан келген. 1991 жылдан бері шетте жүрген 1 миллион 89,7 мың қазақ тарихи отанына оралған.