"Медиазона" сайты Росгвардия Украинадағы соғысқа барғысы келмеген әскерилерге қатты қысым жасап жатыр деп жазды.
Сайттың дерегінше, жүздеген я мыңдаған әскери қызметкер соғысқа барудан бас тартқан.
"Әскери жағдай енгізілмегендіктен әскерилерге бұйрық орындамаған үшін қылмыстық іс қозғау қиын, сондықтан командирлер қол астындағыларға сөгіс жариялап, жұмыстан шығарамын деп қорқытып жатыр" деп жазды «Медиазона».
Сайт редакциясына түскен аудиолардың бірінде командир қол астындағы әскерилерге "сатқын", "қорқақ", "ақымақ", "малғұн" деп атайды. Командирлердің бұл сөзі өтпесе "егер бармасаңдар, 15 жылға түрмеде отырасыңдар" деп қылмыстық іспен қорқытады.
АҚШ барлау қызметінің мәліметіне сүйенген The New York Times басылымы өткен айда Ресей Украинадағы соғысқа барлығы 150 мың әскерін тартқанын хабарлаған. Арасында жаңадан әскерге алынған солдаттар бары да хабарланды. АҚШ барлау қызметінің дерегінше, Мәскеу шамамен үш апта ішінде жеті мың солдатынан айырылған. Бұған дейін Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей әскерінің Украинада едәуір шығынға ұшырағанын мойындаған. Соңғы рет Ресей қорғаныс министрлігі адам шығыны туралы мәліметті 25 наурызда жариялаған. Ол кезде Украинадағы соғыста ресейлік 1351 әскери қызметкердің қаза болғаны хабарланды.
24 ақпанда Ресей "денацификация" және "демилитаризация" жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс: 18-24 сәуір аралығында не болды?