Қазақстан Конституциясын өзгерту бойынша жұмыс тобы Ата заңға елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деп статуспен енгізуді ұсынды. Бұл туралы 25 сәуірдегі брифингте жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасылов мәлімдеді.
"Жұмыс тобы бұл статусты Конституцияда көрсетуді ұйғарды. Яғни, Қазақстанның бірінші президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Яғни, осы статус бекітіледі" деді Әбдірасылов.
Ол бұл статустың "өте маңызды" деп, "[Назарбаевтың] әлем көріп отырған лайықты еңбегі Конституцияда бекітілетінін" айтты.
Ал конституциялық құқық бойынша заңгер Акиф Сүлейменов Азаттыққа пікірінде экс-президенттің статусын Конституцияға бекіту Конституцияның негізіне қарама-қайшы екенін айтады.
– Мысалы, Конституцияда "барлық азамат жынысы, шыққан тегіне қарамастан тең" деп жазылған. Ал Назарбаевтың статусын бекітсе, бұл Конституциядағы "Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып..." деп басталатын кіріспесіне қарама-қайшы болмақ. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы емес, Қазақстан Совет одағының ыдырауынан құрылды, – дейді заңгер.
Акиф Сүлейменов керісінше Конституциядағы "Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасының мәртебесі өзгермейді" деген 91-баптың 2-бөлігі толығымен алынып тасталады деп үміттенген.
– Бірақ бізде статусты бекітпек. Бұл статусты бекітуге мүлде болмайды, – дейді заңгер.
Қаңтар қырғынынан кейін (ресми дерек бойынша, кемі 230 адам қаза тапты, 8 адам қамауда көз жұмды) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реформа жасайтынын жариялап, Назарбаевтың жақындарын қызметтен алған. Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаев Тоқаевқа Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын берген. Ал Тоқаев Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесіне өмір бақи төрағалығын жоятын заңға қол қойды.
Өткен аптада елдің әділет министрі Қанат Мусин Назарбаевтың өкілеттіктерін одан әрі қысқарту қарастырылмайтынын, бірақ заңға өзгерту енгізу "халық пікіріне байланысты" деп айтқан. Ал наурызда Мусин министрлік бірінші президент туралы заңға өзгерту енгізуді қарастырмайтынын да жеткізген.