Әкімдіктің алдына барып, өзін-өзі өртемек болған Қадырхан Қалжановтың әрекетіне қатысты Ақтөбе полициясы "суицид жасауға талпыныс" фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді. "Істің мән-жайы тексеріліп жатыр" деп хабарлады Азаттыққа полицияның баспасөз қызметі.
Ақпаратқа қарағанда, Ақтөбе қаласының тұрғыны 64 жастағы Қадырхан Қалжанов дүйсенбі, 25 сәуір күні сағат ондар шамасында Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына барып, облыс басшысы Оңдасын Оразалинмен кездескісі келетінін айтқан. Ол "Әкім жиналыста, проблемаңызды бізге айтыңыз" деген әкімдік қызметкерлерінің көзінше үстіне бензин құйған. Яғни, суицид жасамақ болған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері сіріңкесін тартып алып, өзін дереу сараптама орталығына әкеткен.
- Мен оны шарасыздықтан істедім. Нанға ақшам болмады. Соңғы үш айда зейнетақыма арест қойылып, әбден қиналып кеттім. Озбырлық құрбаны екенімді ешкімге дәлелдей алмадым. Осыдан он жыл бұрын бір танысым екеуміз қаржы құйып, ортақ кәсіп бастағанбыз. Табысымыз өте жақсы болды. Бірақ есеп айырысар кезде ол маған озбырлық жасап, он мың АҚШ долларын, техникаларымды бермей қойды. Бір құдайға тапсырып кеткен едім. Сол кезде менің атыма рәсімделіп, кейін әлгі танысым металломға өткізіп жіберген ЗИЛ-133ЯГ маркалы көлігі бар болатын. Сол көліктің миллион теңгеден астам салығын төлемедің деп жеке сот орындаушылары зейнетақыма (48 мың теңге немесе 105 доллар) арест қойып тастаған, - дейді Қадырхан Қалжанов.
Өзі зейнеткер, әйелі мен баласы мүгедек Қадырхан Қалжанов «Ішімдік ішпегенім расталған соң мені Зауыт полиция бөліміне алып барды. Сол жерде түсініктеме жазып, кешкі алтыға дейін ұстады» дейді ол.
Қала тұрғыны Қадырхан Қалжановтың әкімдік алдында өртеніп өлмек болғанын Ақтөбе полициясы да растап отыр. Полицияның мәліметінше, Қалжанов бұл әрекетке материалдық жағдайы қиындап кеткендіктен барған.
- Қалжановты қалалық полиция басқармасына алып барған соң түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Басқармаға жеке сот орындаушылары аумақтық палатасының өкілдері де шақырылды. Жеке сот орындаушылары борышкер Қалжановтың зейнетақысын үш айдан бері салық қарызын өтеу үшін алып отырған. Полиция басқармасындағы әңгімеден соң жеке сот орындаушылары қарыздың үстіне қосылған пайыздық өсімді азайтуға келісті, - деп хабарлайды полиция.
Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында Қалжанов әкімдік алдындағы оқиғадан соң бүгін, 27 сәуір күні бір айдың зейнетақысын алғанын айтады. Сөзіне қарағанда, ол ай сайын 48 мың теңге зейнетақы алады.
Азаттық Қадырхан Қалжановтың шағымы бойынша ақпарат сұрап, жеке сот орындаушылары аумақтық палатасына да хабарласқан болатын. Жеке сот орындаушылары бар мәліметті ресми сұраным жолданған жағдайда ғана бере алатынын айтты.
Қазақстанда "әділетсіздікке назаланған" кейбір азаматтар соңғы амалға да барып жатады. Жуырда қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел Нұр-Сұлтанда өзін өртеп, ауыр хәлде ауруханаға түсті. Ол полицияны істі жабуға тырысып отыр деп айыптаған. Ал полиция айыпты жоққа шығарған.
Қадырхан Қалжановтың сөзіне қарағанда, ол бұған дейін өзінің шағымы бойынша сотқа жүгінбеген.