Украинамен шектесетін Молдованың жікшіл Приднестровье аймағының "билігі" 27 сәуірде Украина жақтан дрондар ұшырылып, ресейлік оқ-дәрі қоймасы орналасқан елді мекен маңында атыс болғанын мәлімдеді.
"Өткен түні Кобасна елді мекенінде бірнеше дронның ұшып жүргені байқалды. Украина жақтан келген дрондар Приднестровье аумағына ұшырылды" деп жазылған өзін Приднестровьенің "ішкі істер министрлігі" деп жариялап алған мекеме сайтында.
Мәскеу қолдайтын Приднестровье аймағының "билігі" кейінгі бірнеше күнде "телемұнарада жарылыс болғанын", "сепаратистік әскери бөлімге шабуыл жасалып", "мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінде" жарылыс болғанын мәлімдеген. Приднестровье "билігі" оқиғаларды "лаңкестік шабуыл" деп атады. Кремль жағдайға "алаңдаушылық білдірді".
Бұған дейін Ресей билігі Украинадағы "арнайы операцияның тағы бір мақсаты" – Украина оңтүстігіне бақылау орнату, себебі бұл Ресейге "зәбір шеккен орыс тілді халық тұратын" Приднестровьемен байланыс орнатуға мүмкіндік береді деп мәлімдеген еді. Кейбір сарапшылар Приднестровье мен Ресей билігінің осы мәлімдемелері арасында тіке байланыс бар деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыста 25 сәуір - 1 мамырда не болды?