Өзбекстанда Украинадағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындамаған министр қызметінен кетті

Абдулазиз Камилов.

Наурыз ортасында Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындамайтынын мәлімдеген Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов қызметінен босатылды. Президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мұны Камиловтың басқа қызметке ауысуымен байланыстырды.

Оның айтуынша, Абдулазиз Камилов енді Өзбекстан президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін ол қызметте Бобыр Османов болған, қазір ол Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.

17 наурызда сенат отырысында Абдулазиз Камилов Өзбекстан Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдарды атап айтқанда, "Луганск және Донецк халық республикаларын" мойындамайтынын мәлімдеген.

"Өзбекстан Украинаның тәуелсіздігін, егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындайды. Луганск және Донецк халық республикаларын мойындамаймыз" деген еді сол кезде сыртқы істер министрі.

Сол кезде саясаттанушылар министрдің өз ұстанымын батыл әрі ашық жеткізгенін атап өткен.

29 наурызда Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Абдулазиз Камилов созылмалы ауруына байланысты соңғы он күнде орталық клиникалық ауруханада ем қабылдап жүргенін хабарлаған. Ведомство Камиловтың денсаулығына тиянақты тексеру қажеттігін атап өтіп, министрдің шетелде емделіп жатқанын айтқан.

74 жастағы Абдулазиз Камиловты сыртқы істер министрі қызметіне Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімов 2012 жылы тағайындаған. Камилов билікке Шавкат Мирзияев келген уақытта үкіметтегі министр қызметін сақтап қалған жалғыз шенеунік атанған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстан СІМ: Луганск және Донецк республикаларын мойындамаймыз