Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Ресей басшысы Владимир Путиннің 9 мамыр Жеңіс күні мобилизация жариялауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Құпия дереккөзге сүйенген британдық Daily Mail басылымы ресейлік генералдардың Украинадағы соғыс нәтижесіне көңілі толмайтынын және шабуылды жалғастыру үшін қосымша күш қажет екенін жазды.
Алайда мобилизация жариялануы үшін Ресей соғыс жүріп жатқанын мойындауы керек. Осы күнге дейін Кремль Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атап келген.
Кремль 9 мамырда Мәскеуде Жеңіс күніне орай әскери парадқа дайындалып жатыр. Бұл әскери шеру Украинадағы соғыс тұсында өтпек. Батыс барлаушылары наурызда "Кремль 9 мамырға дейін Украинадағы соғыста қандай да бір жетістікке жетуді жоспарлайды" деген еді. Ресей әскерилері Киев маңында айтарлықтай жетістікке жете алмай Донбассқа қарай ауысқан болатын. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі "Ресей әскерилері Донбасста да айтарлықтай жетістікке жете алмай жатыр" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыста 25 сәуір - 1 мамырда не болды?