Ресей әскерінің қоршауында қалған Мариуполь қаласындағы "Азовсталь" металлургия зауытынан 30 сәуірде 20 әйел мен бала эвакуацияланды. Бұл жөнінде "Азов" полкі командирінің орынбасары Святослав Паламарь видеомәлімдемесінде хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, сағат 11-ден бастап "Азовсталь" ауданы "тыныштық режимінде" болған. Бұл комбинат аумағынан адамдардың біраз бөлігін шығаруға мүмкіндік берген.
Паламарь эвакуацияланған азаматтар Украина бақылауындағы Запорожьеге кеткен шығар деп үміттенеді.
Сенбі күні ресейлік РИА Новости және ТАСС агенттіктері "Азовстальдан" 25 бейбіт тұрғын (алтауы бала) шыққанын хабарлаған. Телеграм арналардың жазуынша, Мариуполь түбінде БҰҰ мен Қызыл крест өкілдерінің қатысуымен зауыттан азаматтарды эвакуациялау мәселесі бойынша келіссөз басталған. Киев ақпаратты растаған.
Осы апта БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Келіссөзден кейін Ресей тарабы Путин БҰҰ мен Қызыл крест өкілдерінің қатысуымен Мариупольден бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға келіскенін хабарлаған.
Қазір Мариуполь Ресей әскерінің бақылауында. "Азовсталь" металлургия комбинатының аумағы ғана украиналық "Азов" батальонының бақылауында. Ол жақта әскерилерден бөлек, бірнеше жүз жаралы адам, бейбіт тұрғындар бар. Комбинат аумағында қанша адамның қалғаны белгісіз.
Украина зауыттағыларға Ресей әскері Киев бақылауындағы аумаққа эвакуациялануына мүмкіндік беруі тиіс дейді. Ал Ресей билігі украин әскері беріліп, ал бейбіт тұрғындар Ресей күштері немесе сепаратистер бақылауындағы аумаққа баруы керек деген.
Мариуполь билігінің мәліметінше, Ресей әскері қалаға басып кіргелі бері 20 мыңнан астам қала тұрғыны қаза болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыста 25 сәуір - 1 мамырда не болды?