Израиль сыртқы істер министрлігі Ресейдің Израильдегі елшісін шақыртты деп хабарлады Рейтерс ақпарат агенттігі. Бұған Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың италиялық телеарнаға берген сұхбатында еврейлер жайлы айтқан сөзі себеп болған.
Лавров Mediaset телеарнасына берген сұхбатында Украинаны нацизмге айыптап, мұны Украина басшысы Зеленскиймен байланыстырған.
"Зеленский еврей болса қандай нацификация болады. Қателесуім де мүмкін, бірақ Гитлерде де еврейдің қаны болған... Демек бұл жерде бәрі белгілі. Еврей халқының өзі "ең антисемиттер еврейлер" деп айтады" деген еді Лавров. (антисемизм – еврей ұлтына деген жеккөрінушілік)
Лавровтың сөзі Израильде шу туғызып, елдің сыртқы істер министрі Яир Лапид твиттерде Лавровтың айтқанын "кешірілмейтін сөз" әрі "тарихи қате" деп жазды.
"Еврейлер Холокост кезінде өз-өздерін қырған жоқ. Еврейлердің өзін антисемитизмге айыптау – еврейлерге қатысты айтылған ең жаман расизм" деген Лапид Лавровтан кешірім сұрауды талап етті.
Израиль соғыс басталғалы Ресейдің әрекетін сөккенімен Мәскеуге санкция салудан және Украинаға қару беруден бас тартып отыр. Бұл үшін Киев Израильді сынға да алған.
- Лавров италиялық телеарнаға берген сұхбатында Зеленский әскеріне берілуге бұйрық беруі тиіс деді. Ол "Ресейдің мақсаты Украина билігін алмастыру емес, "Донбасс халық республикалары" мен Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету" деді.
- Лавров Ресей әскерінің алдында әскери әрекеттерді 9 мамырда аяқтау мақсаты жоқ деп мәлімдеді.