Бірқатар халықаралық ұйымдар қырғыз билігін журналист Болат Теміровке тағылған айыптардың бәрін алып тастап, кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтірмеуге шақырды.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік (IPHR), Норвегияның Хельсинки комитеті (NHC), Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры (HFHR) және Азаматтық құқық қорғаушылар (CRD) қырғыз журналисі Болат Теміровке қозғалған қылмыстық істердің саясиланғанын айтып, үндеу жасады. Бұл Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік ұйымының сайтында жарияланды.
20 сәуірде Болат Теміровке қарсы Қылмыстық кодекстің 379-бабы ("Жалған құжат әзірлеу"), 378-бабы ("Мемлекеттік шекарадан заңсыз өту ") бойынша іс қозғалған.
Осының алдында журналист Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің ұлы Таймурас Ташиевтің компаниясы Жалал-Абадта бірнеше тендер ұтып алғаны туралы зерттеуін жариялаған.
Жыл басында Бішкек милициясы Теміровке қарсы "Есірткі заттарын заңсыз сақтады" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл істің алдында журналист жемқорлық жайында зерттеуін жариялап, онда да Ташиевтің аты-жөні аталған.
Халықаралық ұйымдар Қырғызстанда жемқорлықтың бетін ашқан журналистер қуғындауға тап болып жатыр дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құпия камера, есірткі және секс-бопсалау. Қырғыз билігі журналист Болат Теміровті қалай аңдыды?