Ресейлік Rutube видеохостингі кибершабуылдан соң жұмысын тоқтатты

Ресей Rutube видеохостингі кибершабуылдан соң қалпына толық келмей жатыр. Хостинг өкілдерінің айтуынша, 9 мамырда Rutube кибершабуылға ұшыраған. Бұл туралы хабар Rutube-тің telegram-арнасында жарияланды, сайт әлі де (қолданушыларға) жабық тұр.

Компания ресурстың APT-шабуыл дегенге ұшырағанын хабарлайды. "Бәзбіреу Rutube-тің Жеңіс парады мен мерекелік отшашуды көрсетуіне бар күшін алып бөгет жасауды қалаған" деп жазылған хабарламалардың бірінде.

Ресейлік видеохостинг басшылығымен тығыз араласатын The Village басылымының ақпарат көзінің айтуынша, кибершабуыл 9 мамырда, шамамен таңғы бестерде басталған. Хакерлерге "сайт кодын толығымен жоюдың" сәті түскен, ондайдан кейін видеосервисті "қалпына келтіру мүмкін емес". Аталған ақпарат көзінің пікірінше, сайтқа енуге мүмкіндік беретін кодтар құпиясының сырттағы бөтен біреулерге мәлім болуы шабуылға жол ашқан болуы мүмкін. Контент (арнадағы ақпарат мазмұны) залал шекпеген дейді басылым.

Ресейлік мемлекеттік компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын Rutube америкалық YouTube видеохостингіне балама саналады.

  • 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ресейдегі ақылы телеарналар операторларының бірқатарының хабар тарататын жүйесін де хакерлер бұзған. Оларда 9 мамырға қараған түні бағдарламалар атауының орнына "Сендердің қолдарыңда мыңдаған украиндық пен олардың кісі қолынан өлген жүздеген баласының қаны бар. Теледидар мен билік өтірік айтады. Соғысқа жол жоқ" деген жазу пайда болған. МТС ТВ, НТВ-плюс, "Ростелеком" мен Wink жаңалық арналарының шабуылға ұшырағаны анықталып отыр. Осындай жазу, сонымен бірге, Smart TV теледидары мен "Яндекс. Телепрограмма" сервисі бағдарламасының сипаттамасында да пайда болған​.