Бүгін, 16 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Қылмыстық кодекстің "әлеуметтік алауыздық қоздыру" (174-бап), "Терроризмді насихаттау" (256-бап), "Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" (405-бап) баптары бойынша белсенді Ерұлан Әміровті кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Әміровтің анасы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Сот үкімінде Ерұлан Әміров жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуге тиісті деп көрсетілген.
Сот үкімінен кейін Ерұлан Әміров "Не үшін қамауда отырғанымды білмеймін" деді. Сот залынан әкетіп бара жатқанда Ерұлан Әміровтің шүйдесінің көгеріп тұрғаны байқалды. Азаттық тілшісінің бұл жөніндегі сұрағына "айтуға қорқамын" деп жауап берді.
Сот Ерұлан Әміровтің ісін 25 қаңтардан бастап қарай бастаған. Бұған дейін оның денсаулығына байланысты анасы Шәрипа Ниязбекованың талап-арызымен үш рет сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Бұл талап-арызды прокуратура мен түзеу мекемесі қолдаған. Алматы облысындағы психиатриялық емхана Әміровтің аурудан айыққаны жөнінде анықтама берген.
Ерұлан Әміров 2021 жылдың сәуір айында ұсталған. Желтоқсан айында Әміровтің анасы Шәрипа Ниязбекова оны ҰҚК-нің Шымкенттегі тергеу изоляторынан тапқан. 22 желтоқсанда ұлының тергеу изоляторында өз-өзіне қол салмақ болғанын хабарлаған. Ол туралы сол күні "Ар. Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Facebook парақшасында жазған. Кейіннен ҰҚК Әміровті "Сәуле" ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне ауыстырған.
Шәрипа Ниязбекова Азаттыққа ұлының психикалық ауруы бар екенін, ресми тіркелмесе де "шизофрения" диагнозы қойылғанын айтады.
2021 жылы желтоқсанда Шымкент белсенділері Ерұлан Әміровті босатуды талап етіп, әлеуметтік желіге үндеу жариялаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Әміровті "саяси тұтқын" деп таныған. Ол әлеуметтік желіге жариялаған видеоларында Қазақстан билігін сынап, Қазақстанда тыйым салынған "Көше" партиясының наразылық шараларына қатысқан.