Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаздың” мердігер мекемесі “ТрубРем Центр” жұмысшылары ереуілі қайта жалғасты. Мекеменің жүзден астам жұмысшысы жалақыны өсіруді, өздерін қудаламауды талап етеді.
Азаттыққа бұл туралы мәлімдеген “ТрубРемЦентр” ЖШС кәсіподақ ұйымы жетекшісі Бақытжан Меретамановтың айтуынша, наразылық 13 мамырда қайта жалғасқан. Бұған дейін мекеме жұмысшылары сәуірдің 18-і мен 5 мамыр аралығында жұмысты тоқтатқан.
– 5 мамыр күні Жаңаөзен соты жұмыс берушінің ереуілді заңсыз деп тану туралы арызын құптаған шешім шығарды. Алты жұмысшыға ескерту берілді. “Сот шешімі дереу орындауға жатады” деген соң сол күні түнгі ауысымға жұмысқа шықтық. Ал 6 мамырда мекеме “модернизация жасаймыз” деп бізді тарқатып жіберді,- дейді ол.
Бақытжан Меретаманов бұл жұмысшылар ереуілге тұрмасын деп жасаған амал деп топшылайды. Ол бұған дейін өздерінің 13 мамырда ереуілге шығатындары туралы құзырлы орындарға арыз түсіргенін, сол себепті ереуілдерін жалғастырып жатқандарын айтты.
Оның сөзінше, мекеменің жабдықтағы өте ескі, “модернизация” делінгенмен көне құрал -жабдықты тек жөндеуден өткізіп жатыр.
– Жұмыс орынында жағдай жоқ. Еңбек қауіпсіздігі сақталмаған. Бізді “простойдан” шығарса да сол орынға қайта барамыз. Жалақы талабы да ескерусіз қалды, - дейді ол.
Бақытжан Меретаманов жұмыстағы жағдай туралы жергілікті биліктен бөлек бас прокуратура мен еңбек министрлігіне де шағымданғандарын, әзірге жауап болмағанын айтады. Ол бүгінгі күндері “Кезби” мекемесінде тексеру жүргізіп жатқан республикалық еңбек комиссиясына да барып арызданған, бірақ олардың тек “Кезбиге қатысты ғана тексеу жасайтындары туралы жауап алған.
Азаттық тілшісі “ТрубРемЦентр” директоры Нұрлан Ищановқа қоңырау шалып, хабарлама жіберген еді. Бірақ ол жауап бермеді. Бұған дейін мекеме басшысы жұмысшылар талабын негізсіз деп санайтынын, жалақыларының жақсы екенін айтқан.
“ТрубРемЦентр” мекемесі - “ Өзенмұнайгаздың” мұнай ұңғымаларын жөндеп, тазалаумен айналысады. Оның жұмысшылары өткен айдан бері жалақыларын 60%-ға көтеруді, кәсіподақты қудалауды тоқтатып, жабдықтарды жаңалауды, мерекелік сыйақылар мен әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді талап етіп келеді.
Кейінгі айларда Маңғыстауда жалақыны өсіріп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен мұнай өндіруші компанияардың мердігер мекемелерінде ереуіл көбейді.
“Өзенмұнайгазға” қызмет көрсететін “Кезби” мекемесі мұнайшылары да ай бойы жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді талап еткен. “Кезбидің” 26 жұмысшысы Нұр Сұлтанға келіп еңбек министрлігі мен “Қазмұнайгаз” алдына бір апта түнеген соң, жалақыларын 20 пайызға көтеріп, еңбек келісім-шартын алуға, “Өзенмұнайгаздағы” босаған жұмыс орындарына жұмысқа алу тәрізді кей талаптарына қол жеткізген. “Кезби” мекемесі мұнайшылары 18 мамырда ереуілде тоқтатып, жұмысқа шыққан.
Жаңаөзен маңындағы Теңге кенішін игеріп жатқан “Тenge Oil&Gaz” компаниясы мұнайшылары да жалақы көтеру талабын қойып, ереуілдеп тұр. 19 мамырда Жаңаөзен соты олардың ереуілін заңсыз деп таныған.
“Маңғыстаумұнайгаз” мердігер мекемесі “Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” жұмысшылары да жалақыларының алпыс пайызға азаятыны туралы хабарлама алғандарын айтып алаңдаулы. Мекеме басшылығы оның себебі өзіне тапсырыс беруші “Маңғыстаумұнайгаздың” үстеме ақы мен тарифті азайтуынан болды деп түсіндіреді.
Қарай отырыңыз: Мұнайшылар айлық 60 пайыз азаятынын айтып шағымданды (18 мамыр 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5