Бірқатар батыс елдерінің Тәжікстандағы елшілері Таулы Бадахшанда болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, билік өкілдерін ашық диалогқа шақырды.
Ресми мәлімет бойынша, Хорогта "антитеррорлық операция кезінде" 10 адам қайтыс болып, 27-сі жараланған. Қаза тапқандардың бірі —әскери қызметкер. 70-тен астам адам ұсталған.
Сәрсенбі күні Душанбедегі Франция, Германия, Ұлыбритания және АҚШ елшілері мәлімдеме жасап, билікті халыққа күш қолданбауға, ұстамды болуға шақырды.
"Біз тәжік үкіметін, құқық қорғау органдарының өкілдерін заң деңгейінде әрекет етуге шақырамыз. Дағдарыс кезінде де адамдардың сөз бостандығы мен құқықтары сақталуы тиіс", - делінген мәлімдемеде.
Елшілер қоғамды қорқыту мен журналистерді, белсенділерді қуғындау жағдайды өршітпесе, тәртіпке келтірмейді деп ескертеді.
Тәжікстан билігі бұл мәлімдемеге әзірге пікір білдірмеді.
Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдай 14 мамырдан бері ушығып тұр. Сол күні Хорог қаласының жүздеген тұрғыны Бархорог деп аталатын жерде наразылық акциясын өткізіп, аймақ басшысы Әлішер Мирзонаботты, қала басшысы Ризо Назарзоданы қызметтен алуын, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруын, қараша оқиғасын әділ тергеуін, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуын талап етті.
Билік олардың талаптарын орындаудан бас тартқан соң, дүйсенбі күні жергілікті жастардың үлкен тобы облыс әкімдігіне қарай беттеді.
Чинак деп аталатын жерде оларды Тәжікстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері күтіп алып, наразы топқа қарсы резіңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды.
Осыдан кейін тәжік билігі бұл өңірге "терроризммен күрес операциясын" жариялады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Таулы Бадахшандағы "терроризммен күрес операциясында" 9 адам қаза таптыТәжікстан билігі Таулы Бадахшанда "терроризммен күрес операциясы" басталғанын айтты. Тұрғындарға оқ атылғаны хабарландыДушанбеде Озоди радиосы мен "Настоящее Время" тілшілеріне шабуыл жасалдыТәжікстан Хорог қаласындағы қарсылық акциясын күшпен басқан. Бір адам өліп, үш адам жараланғанБҰҰ сарапшылары тәжік билігін памир аз ұлтын қорғауға шақырды