Зеленский кеңесшісі: Ресей әскерін әкетпейінше Украина келісімге бармайды

Михаил Подоляк.

Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі, Ресеймен келіссөз бойынша украин делегациясының мүшесі Михил Подоляк Ресей Украина аумағынан әскерін әкетпейінше Киев атысты тоқтату туралы келісімге бармайтынын айтты.

Ресей әскері "елден кетуі тиіс, тек содан кейін ғана бейбіт процесті қалпына келтіру мүмкін болады" деді Подоляк. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.

Ол талаптардың арасында Мәскеу аннексиялап алған Қырымның бар-жоғын айтпады.

Қырым мен Донбастың бір бөлігі 24 ақпанға дейін де ресейшіл күштердің қолында болған. Осыған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский Ресей әскері 23 ақпан күнгі позициясына оралса ғана келіссөзге баратынын айтқан. Подоляк секілді Зеленский де Мәскеуге Украина территориясын бермейтінін айтқан.

Подоляктың сөзіне қарағанда, әскерін елден шығармаған Ресей үзіліс жасаған сайын күшін қалпына келтіріп, бұрынғыдан бетер екпінді соққымен оралады. Президент кеңесшісі Киевтің позициясы барған сайын "қатайып" бара жатқанын мойындады. Осыған дейін Ресей тарабы бейбіт келіссөз іс жүзінде мүлде жүргізіліп жатқан жоқ деген еді.

Подоляк бірқатар батыс елдерінің атысты дереу тоқтату туралы үндеуін "ақылға қонымсыз"санайды. Осыған дейін Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони сондай мәлімдеме жасаған. New York Times басылымы Украина жоғалтып алған территориясын енді қайтара алмайды деп тұжырымдаған. Михаил Подоляк Ресей "ауыр жеңіліске ұшырауы үшін" Батыс Украинаны қолдай беруі тиіс деп есептейді.

Украинада соғыстың жүріп жатқанына үш айға жуықтады. Ресей билігі оны "арнайы операция" деп атаған. Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі бірқатар облыстарды бақылауына алып, олардың Азов теңізімен байланысын үзген. Олар Киевтен кетуге мәжбүр болды. Қазір шайқас Украина шығысындағы негізінен Луганск және Донецк облыстарында жүріп жатыр.