АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Дэниел Розенблюм өзбек құқық қорғау органдарының еркектер сақалын мәжбүрлеп алдыра бастағанына алаңдаушылық білдірді. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек редакциясы хабарлады.
"Полицияның еркектер сақалын күштеп алғыза бастағаны алаңдатады",– деді елші Ташкентте өткен баспасөз конференциясында.
Eurasianet басылымының жазуынша, Дэниел Розенблюм "діни еркіндікке нұқсан келтіру - Өзбекстанда кейінгі бес жылда жүріп жатқан рефомаларды жоққа шығаруы мүмкін екенін" айтқан.
Басылымның жазуына қарағанда, АҚШ мемлекеттік департаменті 2020 жылдың желтоқсанында Өзбекстанды діни еркіндік бойынша "айрықша бақылаудағы ел" (Special Watch List) тізімінен шығарған.
Биыл 6 мамырда Абдурохмон Муфид (Abu Vines) деген лақап атпен белгілі өзбек вайнері Абдурахмон Абдурахмонов Instagram (1,3 миллион жазылушысы бар) сақалсыз түскен фотосынан кейін "өзбек құқық қорғау органдары діндар еркектердің сақалын алып тастауды мәжбүрлеуге кірісті" деген ақпарат тараған.
"Мұндай әрекет Өзбекстанда бұрын да байқалған. Оның қайта жалғасқаны Өзбекстан билігінің халық арасында дін жолына түскендердің көбейгенінен сескенетінін көрсетеді",- деп жазады Азаттық радиосының Өзбек редакциясы. Өзбек билігіне Шавкат Мирзияев келген соң дін еркіндікке біршама рұқсат берілген, осыдан кейін еркектер арасында сақал қою, әйелдер арасында хиджаб кию көбейе бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хиджап, сақал, "Талибан" ықпалы. Ислам үрдісі кімдерді алаңдатып отыр?