Алматыда 2019 жылғы журналистерге шабуыл жасау ісін "тонау" бабы бойынша қайта жандандырды

Адам құқықтары жөніндегі бюро кеңсесінде журналистерге шабуыл жасаған белгісіз әйелдер. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Алматының Әуезов аудандық прокуратурасы 2019 жылы Адам құқықтарын қорғау бюросының ғимаратында тілшілер мен құқық қорғаушыларға жасалған шабуылға қатысты қылмыстық істі қайта жандандырды. Бұл жөнінде Азаттыққа осы іс бойынша жәбірленуші танылған бюро қызметкері, журналист Дмитрий Тихонов хабарлады.

—Жас тергеушіні жаңадан тағайындап қойды. Бізден елден кетпеу туралы қолхат алды, – деді Дмитрий Тихонов 25 мамырда.

Дмитрий Тихонов пен осы іс бойынша өзге жәбірленуші Сергей Дувановтың адвокаты Инсара Масанованың Азаттыққа айтуынша, Әуезов аудандық прокуратурасы қылмыстық іске қатысты "қажетті тергеу амалдарын жүргізуді" тапсырғаннан кейін қылмыстық іс қайта жанданған. Ол құжаттың өзін көрмегенін айтты.

2019 жылы 22 шілдеде Азаттық тілшілері оқиғадан хабар тарату үшін Алматыдағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросында өтеді деп жоспарланған құқығы тапталғандар туралы баспасөз мәслихатына барған. Алайда ғимараттың төртінші қабатындағы кеңсеге кіреберісте бір топ әйел журналистерге тарпа бас салды. Бюро кеңсесіне басып кірген ашулы әйелдер "Түсірме!" деп айқайлап, тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсады, оператор Тоқмолда Құсайыновты ұрып, кәсіби видеокамераны сындырды.

Бұл оқиғадан Азаттық тілшілерінен бөлек, Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкерлері Дмитрий Тихонов, Сергей Дуванов пен Андрей Гришин, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің тілшісі Далер Мурзагалиев пен оператор Еркебұлан Кенжеғұловтар да зардап шекті. Оқиға орнына полиция келіп, журналистер арыз жазды. Болған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзiнше билiк ету" деген 389-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталған.

Қарай отырыңыз: Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды? (Шілде айы, 2019 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?

Екі жарым жыл бойы қылмыстық іс бірнеше рет тоқтап, қайта жанданған. Соңғы рет тоқтаған кезде адвокат бас прокуратураға өтініш жазып, одан кейін іс Алматы қалалық прокуратурасына, ол жақтан Әуезов ауданының прокуратурасына жіберілген.

Адвокаттың айтуынша, қайта қозғалған істі бір бап (191-бап - "тонау, жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiп келмейтін дәрежеде күш қолдану немесе қатер төндіру") бойынша ғана тергеп жатыр.

—Біз істі 158-бап 2-бөлік ("Журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру") бойынша қосымша тексеру туралы талай рет өтініш жаздық, бірақ одан бас тартты. Дмитрий Тихонов [23 мамыр күнгі] жауап кезінде шабуылдаушылардың әрекетін 158-бап екінші бөлігі бойынша тергеу туралы өтініш түсіретінін айтты, – деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, әзірге бұл іс бойынша күдікті жоқ.