Қазақстан үкіметі мұнай экспорты "толық қалпына келгенін" мәлімдеді

Новороссийскідегі Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалы.

Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) мұнай айдау мүмкіндігі қалпына келді, қазақстандық мұнайды қабылдау бұрынғыша толық жүзеге асып жатыр. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов КҚК бас директоры Николай Горбанмен кездесуден соң осылай деп мәлімдеді.

"КҚК-ның теңіз терминалындағы зақымданған құрылғылар жөнделгеніне қуаныштымыз. Кедергі жойылып, енді Қазақстан мұнай өндіру қуатын толық қалпына келтіреді", - деп мәлімдеді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр сайтында айлақтың барлық құрылғысы жұмыс істеп тұр деп жазылған.

Қазақстанның Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарында өндірілген мұнай КТК арқылы экспортталады. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2021 жылы осы құбырмен 53,1 миллион тонна, ал биылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 миллион тонна қазақ мұнайы тасылған.

Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 90 пайызға жуығы – Қазақстаннан келеді және олар түгелге жуығын шикізатпен "Теңіз", "Қашаған", "Қарашығанақ" мұнай жобалары қамтамасыз етіп отыр. Осы құбырмен Ресей мұнай кеніштерінде өндірілген біраз шикізат та тасымалданады.

Екі қондырғы істен шыққан соң сарапшылар мұнай экспорты бәсеңдеп қалған Қазақстан экономикасы кезекті рет дағдарысқа тап болуы мүмкін деп болжаған. Елдің энергетика министрлігі мұнай көлемінің азаюы Қазақстан үшін айтарлықтай қауіпті емес деген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

КҚК құбырымен мұнай тасымалдау шектелді. Енді не болмақ?Министр ірі құбыр желісінің бұзылуы мұнай экспортының азаюына қатты әсер етпейді деп мәлімдедіҚазақстанның мұнай тасымалдауында қиындық туды"Геосаяси қауіпке реакция". Валюта нарығындағы толқу және ойыншылар қаупі