Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға электронды үкімет порталы арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН) беру қызметі тоқтатылды.
Электронды үкімет сайтының әкімшілігі мұны техникалық себептермен түсіндіреді. Портал хабарламасында аталған қызмет түрі 2022 жылдың 1 қазанынан бастап қайта іске қосылады деп жазылған.
Lsm.kz сайты осыған дейін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" компаниясының баспасөз қызметіне сүйене отырып, шетел азаматтары халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін ала алады деп жазған.
Қазақстанда мемлекеттік органдарға жүгінген кезде немесе кәсіпкерлікпен байланысты қандай да бір өтініш тапсырған кезде, банктен есепшот ашқан кезде ЖСН қажет.
Egov сайтында мұндай қызмет түрінің істемей қалғаны туралы ақпарат 26 мамырда тараған. Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономика форумының пленарлық отырысында "ресейлік кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасау" қажеттігі туралы айтқан.
18 мамырда Қазақстан ІІМ 2022 жылдын басынан бастап Ресейдің 35,9 мың азаматы жеке сәйкестендіру нөмірін алғанын хабарлаған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда он есеге көп. Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері яғни, 24 ақпаннан бері 34 960 Ресей азаматы ЖСН алған.
Қарай отырыңыз: Ресей жұлдыздары Қазақстанға келіп, ЖСН ала берсе, жанама санкцияға ілініп кетпейміз бе? (17 мамыр 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ЖСН "резидент емес тұлғалардың барлығына" бірдей беріліп жатыр, бірақ ол "ықтиярхатпен пара-пар емес" деп мәлімдеген.
Осы аптада Батыс санкциясынан сескенген қазақстандық банктердің Ресей азаматтарына төлем карталарын беру ережелерін қатайтқаны туралы ақпарат шыққан. Сәуір айында Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 24 ақпаннан бастап қазақстандық банктерде Ресей мен Беларусьтің жеке тұлғаларына 12 мыңнан астам есепшот ашылғанын хабарлаған.