Ресей бас прокуратурасының талабымен "Мемориал" құқық қорғау сайты бұғатталды. Бұл туралы ақпаратты Ресей БАҚ-тарын бақылаушы Роскомнадзор қызметі жариялады.
Роскомнадзор биыл сәуірдің ортасында бас прокуратура шешімі бойынша Human Rights Watch, украиндық Gazeta.ua, "Громадське радi", "Сегодня" және тағы 20 ресурстың сайтын Ресей аумағында бұғаттаған.
"Роскомсвобода" мәліметінше, Украинада соғыс басталғалы бері Роскомнадзор 2300-ден аса ресурсты бұғаттаған. Олардың ішінде Настоящее Время, Радио Свобода, Голос Америки, "Медуза", Deutsche Welle, Bild, "Белсат" және тағы басқа баспасөз құралдары бар.
28 желтоқсанда Ресей Жоғарғы соты "Мемориал" халықаралық ұйымын жабу туралы шешім қабылдады. Бас прокуратура ұйымды "шетел агенті" туралы заңды бірнеше рет бұзды деп айыптап, сотқа шағым түсірген еді.
"Мемориал" – 1989 жылы Ресейде құрылған құқық қорғау ұйымы. Оның алғашқы төрағасы – Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты академик Андрей Сахаров.
Ұйым 30 жылдан астам уақыт бойы совет кезіндегі қуғын-сүргінді зерттеп, қудалауға ұшыраған азаматтардың толық дерек қорын жасады.