Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылған Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының мүшесі (министр) болды. Оны тағайындау туралы шешім 23 мамырда Мәскеуде шығарылған.
2019 жылдың 28 маусымы мен 2022 жылдың 31 қаңтар аралығында Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы ең ірі қала Алматы қаласының әкімі болған. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше аптадан соң қызметінен кеткен. Оның орнына Алматы әкімі болып бұған дейін Ұлттық банкке жетекшілік еткен Ерболат Досаев тағайындалған.
5 қаңтарда Алматыда наразы топ қала әкімдігін басып алып, артынша өртенген. Мамандардың бағалауынша, оны қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт керек.
Қаңтар оқиғасынан кейін бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметінен кетті, кейбірі қамауға алынды. Арасында "мемлекетке сатқындық жасады" және "төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталған ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов те бар.
Сағынтаев мемлекеттік қызметке 1998 жылы келген. Ол бұған дейін президент әкімшілігінің жетекшісі, мемлекеттік хатшы, премьер-министр қызметтерін атқарған.
Еуразия экономикалық комиссиясы – Еуразия экономика одағына қарасты реттеуші орган. ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан мүше.