Сот Қаңтарда азапталған белсенді Қосай Маханбаевты 15 тәулікке қамады

Your browser doesn’t support HTML5

2 маусымда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қаңтар кезінде азапталған азаматтар белсендісі Қосай Маханбаевты 15 тәулікке қамады. Оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап, 7-бөлік) деген айып тағылған. Белсендінің жақтастары сот алдында шешімге наразылық білдірді.

Ақпаратқа қарағанда, полиция Қосай Маханбаевты Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған азаматтарды 1 маусымда Алматы қаласы прокуратурасының алдына келуге "шақырғаны үшін" айыптап, хаттама толтырған. Ал Маханбаевтың өзі айыппен келіспейді, ол "азапталған азаматтарды қорықпай прокуратураға келіп, арыз-шағым жазуға үндегенім рас, бірақ мұны заңсыз шеру деп есептемеймін" деді.

– Бұл маған жасалып жатқан қысымның бір бөлігі. Қаңтар кезінде мені азаптаған адамдардың қолында боламын, – деді ол сот шешімінен кейін.

Бейсенбі күні оны сот залынан бірден алып кетті. Оның жақтастары – шамамен 20 адам әкімшілік сот алдында наразылық өткізді. Олар белсендіні босатуды талап етіп, соттан кейін қала прокуратурасының алдына баратынын да жеткізді.

Бір күн бұрын Алматы полициясы Қосай Маханбаевтан бөлек, Дархан Дүйсебаев, Нұртас Каранеев, Ақылжан Қисымбаевты таңертең прокуратура алдынан ұстап, күштеп "тергеуге алып кеткен". Маханбаевтың айтуынша, полиция оны Бостандық аудандық ішкі істер басқармасында түнгі үш жарымға дейін ұстаған. Полиция түсініктеме бермеген.

Қосай Маханбаев - Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда тергеу абақтысына қамалып, азаптауға ұшыраған азаматтардың бірі. Жәбірленушілер бұған дейін "Азаптау" бабы бойынша қозғалған істер тергеу барысында дәлелденбей, өздерін қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген күдік айтқан. Олар сәуірден бері қала прокуратурасының алдына жиі жиналып, азаптауға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп келеді.

Бұған дейін Алматы қаласы прокуратурасы азаптау бойынша 87 қылмыстық іс қозғалғанын айтқанмен қанша күдікті бар екенін нақтыламаған.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.
  • Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 5 мамыр күнгі мәлімдемесінде "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп сынаған.