Халықаралық Аmnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігінен белсенді Райгүл Садырбаеваға тағылған айыпты алып тастап, оны азаптаған полицейлерді жауапқа тартуды талап етті.
12 қаңтарда ұсталған Райгүл Садырбаева қамау кезінде азаптауға ұшырағанын мәлімдеген. "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп те айыпталған белсенді наурыз айынан бері үйқамақта отыр. Садырбаева өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Штаб-пәтері Лондонда орналасқан құқық қорғау ұйымы құқық қорғаушы Райгүл Садырбаеваға айып тағылуына алаңдаушылық білдіріп, билік "қаңтардағы наразылыққа бейбіт түрде мониторинг жасағаны үшін одан кек алғысы келетін тәрізді" деп топшылайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Таяқпен зорламақ болды". Семейлік белсенді қамауда азапталғанын айтады"Біз Садырбаеваның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды және оны дереу босатуды талап етеміз" деді Amnesty.
Құқық қорғаушылар сонымен бірге Қазақстан бас прокуратурасын Садырбаеваның полицияда азапталғаны жайлы арыз-шағымын қысқа мерзімде жан-жақты тергеуге шақырды. Белсенді бұған дейін өзін полицейлердің "тұншықтырып, басына қару тақағанын, зорлаймыз деп қорқытқанын" айтқан.
"Қызметтік өкілетін асыра пайдаланған полиция қызметкерлері адам құқығы саласындағы халықаралық стандартқа сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс" деді Amnesty International.
Қаңтар оқиғасына арналған резолюциясында Еуропарламент Райгүл Садырбаева "Семей қаласындағы наразылық акцияларын бақылағаны үшін саясиланған іс аясында" қамауға алынғанын, оған ұзақ түрме жазасы берілуі мүмкін екенін жазған. Еуропаның заң шығару органдары Қазақстан билігін "терроризм" бабын асыра пайдаланбауға, саяси айыптардың бәрін алып тастауға және саяси қудалауды тоқтатуға, саяси тұтқындарды ақтауға үндеген.
Осыған дейін Садырбаеваға қазақстандық құқық қорғаушылар да араша түскен. Атап айтқанда, Qaharman тобы азаптауға кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды, Садырбаеваға тағылған айыптарды алып тастауға үндеген. Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты ондаған белсенді қудаланған.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.
- Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.