РЕСЕЙ СЕВЕРОДОНЕЦК ҚАЛАСЫНА "БАҚЫЛАУ ОРНАТТЫ"
Украина президенті Владимир Зеленский "Ресей Украина территориясының 20 пайызын оккупациялап алды" деп мәлімдеді. Ол бұл сөзіне 2 маусым Люксембург парламентіне видеобайланыс арқылы қосылғанда айтты.
Зеленский қазір соғыс шебі мың шақырымнан асып кеткенін де жеткізді. Украина басшысы Батыс елдеріне қару-жарақтан көмектескені үшін алғыс білдіріп, бұл көмекті әлі де көбейтуге шақырды.
Қазір негізгі шайқас Украинаның шығысында жүріп жатыр. Ресей тарабы Донбасстағы Северодонецк қаласына бақылау орнатқанын мәлімдеді. Луганск әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай да Ресей Украина күштері Северодонецкінің 20 пайызын, ресейліктер 60 пайыздан астамын бақылауда ұстап отыр деді.
Гайдай 2 маусымдағы мәлімдемесінде Ресей әскерилері Северодонецктен бөлек Украина шығысындағы Краматорск және Славянск қалаларын басып алуға тырысып жатқанын айтты. Ал Славянск мэрі Вадим Лях қаладан халықты эвакуациялауды сұрады.
Украина қорғаныс министрлігі Северодонецк көшелерінде шайқас жүріп жатқанын, орыс әскері қала орталығына кіргенін, бірақ "украиналық әскерилер қатты қарсылық танытып жатқанын" мәлімдеді.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі 2 маусымдағы қысқа есебінде Ресей Северодонецктегі маңызды көпір мен жолдарға артиллерияның көмегімен бақылау орнатқанын жазды.
БАТЫСТЫҢ УКРАИНАҒА КӨМЕГІ ЖӘНЕ КРЕМЛЬДІҢ СЕСІ
Украина шығысында қақтығыс күшейген тұста АҚШ, Германия, Швеция, және Ұлыбритания Украинаға тағы да қару-жарақ беретінін мәлімдеді. Мәселен, Вашингтон Украинаға M142 жоғары мобилді артиллериялық ракета жүйесін (HIMARS) жібермек. Бірақ Пентагон өкілі бұл қаруды Украинаға жеткізу үшін кемі үш апта кететінін айтады.
Ал ресми Мәскеу Батыс елдерінің Украинаға бұл көмегін "отқа май құю" деді және Киевті қарумен жабтықтау "украиналықтардың өзіне кесір болып тиеді" деп сес көрсетті. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 2 маусымда "егер Украина Ресейге қарсы Батыс елдері берген қаруларды қолданса жаман болатынын" ескертті.
Британия қорғаныс министрлігі күнделікті жариялап отырған хабарламасында Ресей Украина шығысындағы шайқаста көп шығынға ұшырағанын, сондықтан қақтығысты жалғастыру үшін "үзіліс алуы мүмкін" екенін айтады.
Украина президенті Зеленский Люксембург парламентінде сөйлеген сөзінде Ресей бұл соғыста "30 мыңнан аса әскериін жоғалтқанын", "бірақ бұл шығын Ресейді тоқтатпайтынын" айтты.
"Бұл ел адамдарын жоғалтуға, адамдарды өлтіруге дайын. Себебі Ресейдегі бір адам біздің бұрынғыдай өмір сүргенімізді қаламайды" деді Зеленский Ресей президенті Путинді меңзеп.
Украина басшысы Батыс елдеріне қарата "Бізде Ресеймен шайқаста басымдық беретін мықты қарулар керек. Осы мәселені Еуропа елдері алдында көтерулеріңізді сұраймын" деді Зеленский Люскембург депутаттарына.
Your browser doesn’t support HTML5