Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі өзін полицияға шақырғанын хабарлады

Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.

Қаңтар дүрбелеңі кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан өзін полицияға шақырғанын хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, бұған биыл 21 ақпанда болған оқиға түрткі болған. Айтуынша, өзінің артынан белгісіз біреу аңдып, ізінше онымен сөзге келіп қалған. Ол адам арыз жазып, соның негізінде хаттама толтырылған.

Айдос Мелдеханның айтуынша, екеуі бір-біріне қол жұмсамаған. Алайда соған қарамастан "дене жарақатын келтіру бойынша" қылмыстық іс қозғалған. Ол бұған дейін сол іс бойынша тергелген. Оны ұзақ уақыттан кейін қайта тергеуге шақырып отыр.

"Менің түсінуімше, олар мені жолдан алғысы келетін сияқты (Айкөркемнің қазасына кінәлілерді іздеуіме кедергі жасағысы келеді - ред.)" деді ол Азаттық тілшісіне. Ол сөзге келіп қалған адамын "арандатушы" деп атады.

Оның адвокаты Қанат Бейсебаев та Айдос Мелдеханның полицияға тергеуге шақырылғанын растады. Алайда іс бойынша тек тергеуден кейін ғана айта алатынын жеткізді.

Әзірге Алматы полициясы бұған қатысты түсініктеме бермеді.

Айдос Мелдеханның төрт жасар қызы Айкөркем Мелдехан биыл 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оқиға кезінде Айдос Мелдеханның 16 жастағы қызы да жараланып, ақпанда ауруханадан шықты. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болды. Қоғам талабына қарамастан билік бейбіт тұрғындарға оқ ату бойынша істер туралы толық ақпарат бермей отыр. Қанша күдікті бар екені де белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемге арналған мурал пайда болды"Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуі"Қай аға маған оқ атқан?" Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен Сұлтан«Қарындасымды құтқара алмадым, папа»: Қаңтар дүрбелеңінен оққа ұшқан 4 жасар қыздың оқиғасы

3 маусымда Алматыда Айкөркемге арналған мурал пайда болды. Әлеуметтік желіде жарияланған мурал туралы жазбада Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап еткен үндеу де бар. Бірақ көп ұзамай Айкөркемнің суреті алынып, мурал сырланды. Кей белсенділер "билік тіпті қаза болған кішкентай қыздан қорқады" деп жазып, әрекетті сынады.