Алматыда Азаттық тілшісі бір кабинаға екі адамның кіріп кеткеніне куә болды

Алматы қаласындағы N529 сайлау учаскесінде бір кабинаға кірген екі адам. 5 маусым 2022 жыл.

Алматыда Азаттық тілшісі №529 референдум учаскесінде заң бұзылуы мүмкін деген жайтты көзбен көрді. Мұнда дауыс беру кабинасына бірден екі адам кірген. Азаттық тілшісі оның себебін сұраған кезде дауыс беруші "бюллетеньді көзілдіріксіз оқи алмай отырғанын" айтты. Бұдан соң оның жанында тұрған әйел өзге кабинаға кірді. Ол "Конституцияға енетін жаңа түзетулерден хабардарсыз ба" деген сұраққа жауап бермеді.

Тағы бір видеода мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтінін айтқан ер адам жұмыс берушіге "есеп бергенін" мойындайды.

Аймақтардан тәуелсіз бақылаушыларды учаскеге кіргізбегені жайлы ақпараттар түсіп жатыр. Әзірге ақпарат толық расталмады.

Орталық референдум комиссиясының (ОСК) таңғы сағат 8-дегі ақпараты бойынша, елде 9964 дауыс беру учаскесі ашылған. ОРК әрбір екі сағат сайын ақпарат беріп отыратынын айтты.

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өтіп жатыр. Билік бұл шараны қоғамды демократияландыруға қарай қадам деп көрсетуге тырысады. Сын айтушылар бұрынғыдан ештеңе өзгермейді деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азия елдерінің Конституциясы неге тұрақсыз?Тоқаев "Назарбаев дәуірінен арылуға" тырысып жатыр ма? Отбасының шетелдегі байлығы елге қайтарыла ма?