4 маусымда Чехия астанасы Прага қаласының тарихи орталығы - Староместка алаңында (ескі алаң) жиырмадай адам Қазақстан билігін сынап, митинг өткізді. Акцияға Чехияда оқып жүрген және жұмыс істеуге келген қазақ жастары қатысты.
Жиналғандар қазақ, чех, ағылшын және орыс тілдерінде сөйлеп, Ақордадан Қаңтар оқиғасының шындығын ашуды, оқ тиіп қаза тапқандардың дерегін жариялауды, құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған қамаудағы саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етті (Мамай жалған ақпарат таратты деген айыппен қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр).
Митингіге келгендердің қолында Қаңтар оқиғасында оқ тиіп қаза тапқан 4 жасар бүлдіршін Айкөркемнің суреті салынған плакат та болды. Плакатта 3 маусымда Алматы көшелерінің бірінде пайда болып, бірер сағатқа жетпей өшірілген мурал бейнеленген.
Сөйлегендер Қаңтар оқиғасындағы құрбандардың көбі жазықсыз екеніне айтып, биліктен халықаралық тергеушілерді шақырып оқиғаны жан-жақты, әділ зерттеу керегін де талап етті.
Қаңтар қырғыны, саяси тұтқындар туралы жазуы бар түрлі плакат ұстап, Қазақстан мен Украинаның мемлекеттік туын көтергендер Украинадағы соғыс Ақорданың Кремльге қатысты көзқарасын өзгертуі тиіс деп есептейді. Сөздерінше, Путинге сенуге болмайды, ол кез келген сәтте Қазақстанға соғыс аша салуы мүмкін.
Наразылық жиынына қатысқандар Конституцияға өзгерістер бойынша референдумға да қарсы шығып, бұл шараны "саяси ойын" деп атады. Бұған қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолымен жүрмеуге, елде шынайы саяси реформа жүргізуге шақырады.
Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерін "Қазақстан билігінде отырып байыған адамдарға санкция салуға" үндеді. Олар Қазақстандағы билік пен байлықты соңғы 30 жылда санаулы адам иемденіп алғанын, солардың кесірінен елде адам құқығы, олардың еркіндігі мен сөз бостандығы қорғалмайтынын айтты.
Митинг шамамен бір сағатқа созылды. Өздерін Genesis of Qazaq (Қазақтың генезисі) ұйымы деп таныстырған ұйымдастырушылар мұндай митингіні Еуропаның өзге қалаларында да өткізбек жоспары бар екенін жеткізді.
Прагадағы наразылық Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум қарсаңында өтті.
- Ақорда Конституцияны өзгерту арқылы "мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз", президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды дейді. Референдумға шығарылған өзгертулер Конституциядан бірінші президент (Нұрсұлтан Назарбаев) туралы барлық сөздер алып тастауды көздейді.
- Ақорда Конституцияны биыл қаңтардағы қанды оқиғадан соң ұйымдастырып жатыр. Қаңтар оқиғасында ресми түрде 238 адам қаза тапқанын хабарланған, қазір ресми дерек бойынша бес мыңнан аса қылмыстық іс қозғалған. Билік Қаңтардағы қанды оқиғада қаза болғандардың ресми тізімін жарияламай отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қаңтар оқиғасында қаза болғандар"Айкөркемнің муралын өшіргенімен, есімі ұмытылмайды"Қанды қаңтар құрбандары"Оқ ішімді тесіп кірді". Қаңтар оқиғасында жараланған жігіт көмекке зәру