Шымкентте аудандық комиссия төрағасы Азаттық тілшісіне N77 сайлау учаскесінен ақпарат таратуға кедергі келтірді. Әл-Фараби аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Мелдебек Әділбаев Азаттық тілшісінен "қызметтік хаттың түпнұсқасын" талап етті. Оны әкелмейінше учаскеге кірмеу қажеттігін айтты. Сайлау комиссиясының мүшелері бастапқыда Азаттық тілшісін тіркеген, алайда 15 минуттан кейін осындай талап айтқан.
Азаттық тілшісі сайлау комиссиясының төрағасына "қандай заңға сүйеніп отырып, талап етіп отырсыз?" деген кезде Мелдебек Әділбаев "Референдум" және "Сайлау туралы" заңдарды алға тартқан. Алайда бұл заңдарда ондай ереже жазылмаған.
Азаттық тілшісі сайлау комиссиясы мүшелеріне қызметтік хаттың түпнұсқасының электронды үлгісін, көшірмесін, қызметтік куәлік пен жеке куәлікті көрсетті, алайда "сонда да болмайды" деді.
Мәселеге Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Қүнанбаев араласқаннан кейін Азаттық тілшісі учаскеге қайта кірді. Аудандық комиссия төрағасы әрекетінің салдарынан Азаттық тілшісі сыртта шамамен бір сағаттай жүруге мәжбүр болды.
Қаладағы N77, 216 және 265 сайлау учаскелеріне кіріп шыққан Азаттық тілшісі бұл учаскелерде тәуелсіз бақылаушылар жоғын байқады. Бұл жақта келушілер көп, бірақ басым бөлігі "фото түрінде есеп беру үшін" суретке түсіп жатыр.