Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында тәуелсіз бақылаушы дауыс беру басталмай жатып жәшікте бірнеше бюллетень жатқанын көрген. Ол оны видеоға да түсірген. Бақылаушы прокуратураға шағымданды.
— Қазір Ақсай прокуратурасындамын, сайлау туралы заңның бұзылуына байланысты арыз жазып отырмын. Ақсай қаласының Бөрілі ауданындағы № 92 учаскеде дауыс беру басталғанға дейін жәшікте бюллетеньдер жатты, бұл заңсыздық, – деді Jaria қоғамдық бірлестігінің бақылаушысы Бекнұр Сыражанов.
Бақылаушы жіберген видеода комиссия мүшелерінің учаске ашылар алдында әнұран айтып жатқаны көрінеді. Сол мезетте жәшікте бірнеше бюллетень жатқаны айқын көрінеді.
Ресми мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12-ге дейін дауыс бергендер 47,5 пайызға жеткен.
- Қазақстанда Конституцияға ұсынылған түзетулер бойынша референдум өтіп жатыр. Азаматтар 33 бапқа ұсынылған түзетулерге қатысты дауыс береді. Биліктің айтуынша, "президенттің билігін шектейді" деген өзгерістер кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан кейін ұсынылған. Бюллетенде "түзетулермен келісесіз бе?" деген жалғыз сұрақ бар, азаматтар не "иә" не "жоқ" деп дауыс бере алады.
- Тәуелсіз бақылаушылар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын әділ өтті деп бағаламаған. Сайлау өткеннен кейін әдетте билік кампанияның "ашық әрі әділ" өткенін мәлімдейді.