Путин "бұрын көзделмеген нысандарды атқылаймыз" деп дөңайбат көрсетті

HIMARS зымыраны

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға алыс қашыққа ұшатын зымырандар жеткізілетін болса, Ресей бұрын көзделмеген нысандарды атқылайтынын мәлімдеді.

Путиннің "Россия-1" телеарнасына берген кезекті сұқбатының үзіндісі жарияланды. Бұл – 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейінгі Путиннің алғашқы сұқбаты.

Путин АҚШ-тың Украинаға дүркіндетіп ататын реактивті жүйе беруге шешім қабылдағанына байланысты пікір айтты. Путиннің сөзінше, "оның еш жаңалығы жоқ", өйткені Украина әскерінде соған ұқсас советтік реактивті жүйе бар. Алайда, 45-70 шақырымнан да алысқа ұшатын зымырандар жеткізілетін болса, Ресей одан "қорытынды шығарады". Путин нақты қандай нысандарға соққы беретінін айтқан жоқ.

Ресей президенті "Батыс елдерінің Украинаға қару жеткізудегі мақсаты - қарулы конфликтіні соза түсу" деді.

Өткен аптада АҚШ Украинаға РСЗО HIMARS зымырандарын беретінін, бірақ Украина оны Ресей жеріне соққы жасауға пайдаланбайды деп үміттенетінін білдірген. Бұл зымыран 80 шақырымға дейін ұшады, кейбір жетілген түрлері 300-500 шақырымға дейін жете алады.

Бұған дейін Путиннің Ресей қауіпсіздік кеңесіндегі орынбасары Дмитрий Медведев "қарудың бұл түрімен Ресей жерін атқылайтын болса, онда Ресей әскері Украинаның шешім қабылдайтын орталықтарын жояды" деп мәлімдеген. Мұндай орталықтар қатарында Украина қорғаныс министрлігі мен бас штабын атаған. Телеграм-арнасында "ондай орталықтар Украина аумағынан тыс жерде де бар" деп, үшінші елдер де атқылануы мүмкін деп" қоқан-лоқы жасаған.

Ресей жері атқыланса, Украинадағы "шешім қабылдайтын орталықтарға" соққы беретінін Ресей қорғаныс министрлігі сәуір айында мәлімдеген еді. Шетелдің шешім қабылдайтын орталықтарына соққы жасау мүмкіндігі жайлы Владимир Путин 2019 жылы алғаш рет айтқан.

Ресей әскері тек әскери инфрақұрылымдарды аттық деп мәлімдеп келеді. Бірақ Украинада тұрғын үйлер мен бейбіт нысандар қирап жатыр.