Украина әскерилері Ресей күштерінен Донбасстағы Северодонецк қаласын қайтарып алуға тырысып жатыр. Ал Ұлыбритания Киевке ракеталық жүйе бермек. Путин Батыс елдері Украинаға қару тасымалдауын тоқтатпаса, жаңа нысандарға шабуыл жасаймыз деп сес көрсетті. Украинадағы соғыста 5-6 маусымда не болды? Негізгі оқиғаларды шолып шығыңыз.
УКРАИНА ШЫҒЫСЫНДАҒЫ ШАЙҚАС
Украина әскерилері елдің шығысындағы Северодонецк қаласы үшін "кескілескен" шайқас жүргізіп жатыр. Луганск облысының басшысы Сергей Гайдай Ресей әскерилері "жолындағының бәрін өртеу" тактикасына (соғыстағы бір тараптың әскері жолындағы барлық азық-түлік, жанармай, шаруашылықтарды, кәсіпорындарды жою) көшкенін мәлімдеді.
Ол ресейлік әскерилері 6 маусымда Северодонецк маңындағы Лисичанск қаласына да шабуылдағанын, Ресей Лисичанск пен Северодонецк қаласына кіре беріс жолды басып алу үшін "өте көп" әскер мен техника бөлгенін айтады.
Бұдан бөлек, Украина әскери барлауының басшысы, генерал Кирилл Буданов қазір соғыста Северодонецк маңайы шайқастың "ең негізгі ошағына" айналды деді. Ол Украина күштері "жаудың артиллериялық күші он есе көп болғанына қарамастан" шығыста теміржол торабына қарай орыстарға қарсы жылжып бара жатқанын мәлімдеді.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы нақтылау қиын.
Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей әскері Донецк облысындағы Славянск пен Святогорск қаласына шабуылдағанын, шабуыл кезінде шығынға ұшырағанын айтады.
100 мың халық тұрған Славянск қаласынан соғыс басталғалы мыңдаған адам қашқан, бірақ кескілескен шайқас жүріп жатқан қалада әлі 30 мыңдай бейбіт тұрғын қалған.
Британиялық барлаушылар Ресей күштерінің Словянск қаласына қарсы жылжуы Украина әскерін қоршауға алу талпынысының бір бөлігі деп топшылайды.
6 маусым таңертең Николаев басшысы Александр Сенкевич қалада жарылыс болғанын хабарлады.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ МАЙДАН ШЕБІНЕ САПАРЫ
Северодонецкте шайқас жүріп жатқан тұста, 5 маусымда, Украина президенті Владимир Зеленский елдің шығысына барып, әскерилермен кездесіп, қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
"Елімізді, біздің барлығымызды қорғау үшін жасаған қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын" деді Зеленский әскерилерге.
Ал Лондон Украинаға алысты көздейтін ракеталық жүйе беретінін мәлімдеді. Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес М270 ракеталық жүйесі Украинаға өз жерін қорғауға көмектеседі деді. Британия Украинаға М270 қаруының қаншасын беретіні айтылмады. Бірақ ВВС дереккөздеріне сілтеме жасап, Лондон басында бұл қарудың үшеуін жіберетінін жазды.
Британиялық М270 ракеталық жүйесі бір минуттың ішінде 12 ракета жіберіп, тура дәлдікпен 80 шақырым радиустағы нысаналарды ата алады. М270 қаруының сипаттамасында ракеталардың түріне қарай 300 шақырым жердегі нысаналарды да қирата алатыны жазылған.
Бұған дейін АҚШ Украинада M142 жоғары мобилді артиллериялық ракета жүйесін (HIMARS) беретінін мәлімдеген.
ПУТИННІҢ ЕСКЕРТУІ
Батыс елдері Украинаға қару-жарақ беріп, көмектесіп жатқан сәтте Ресей президенті Владимир Путин 5 тамызда "Вашингтон Украинаға артиллериялық ракета жүйесін берсе жаңа нысаналарды атқылаймыз" деп ескерту жасады.
Путин "Россия-1" арнасының эфирінде АҚШ Украинаға реактивті жүйелерін берсе "бұдан тиісті қорытынды шығарып, өзімізде жеткілікті қарулармен бұрын атқыламаған нысандарға шабуыл жасаймыз" деді. Ол Киевке жаңа қару беру "соғысты ұзаққа созады" деп сес көрсетті.
Украина шығысында Ресейдің шабуылы үдеген кезде Киев батыс елдерінен ракета ататын артиллериялық реактивті жүйелер сұраған еді. Вашингтон басында Украина мұндай қарулармен Ресей аумағын атқылауы мүмкін деп реактивті жүйелерді беруден тартыншақтап отырған. Киев бұл қарулармен Ресей аумағына шабуыл жасамайтынын айтқан.
5 маусымда Украина билігі Ресей Киевке ракеталық шабуыл жасағанын хабарлады. Британия қорғаныс министрлігі 6 маусымындағы мәліметінде Ресей Киевтегі теміржолға шабуыл жасап, "Батыс елдері берген құралдарды майданға жеткізу жолын бүлдіруге тырысуы мүмкін" деді.
5 маусымда Украина тарабы шайқас кезінде ресейлік сепаратистердің командирі, генерал-майор Роман Кутузов қаза болғанын мәлімдеді. Украина қарулы күштері Кутузов Луганск облысындағы қақтығыс кезінде "денацификацияланды" және "демилитаризацияланды" деді.
Ресейдің мемлеттік басылымдарының бірінде істейтін журналист Александр Сладков та бұл ақпаратты таратты.
Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіргелі ресейлік бірнеше генерал қаза болғаны хабарланған, бірақ Ресей тек төртеуінің ғана өлімін мойындады.