Канада 8 маусымда Ресейге қарсы санкция тізімін кеңейтті. Бұл туралы ақпарат Канада сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды.
Жаңа тыйымдар тізіміне ресейлік мұнай-газ және химия компанияларымен қарым-қатынас енген. Оларға мұнай-газ тасымалдау, құрылыс салу, инженерлік жұмыстар атқару, металл, химикат, кен және сүрек сату сияқты Ресейге көрсетілетін "өмірлік маңызы бар" 28 қызмет түрін экспорттауға тыйым салды.
Канада сыртқы істер министрлігінің айтуынша, мұнай, газ және химия өнеркәсібі Ресей федералды бюджетіне түсетін табыстың 50 пайызға жуығын құрайды. Санкциялар Ресейдің Украинаға басып кіргеніне жауап ретінде салынды.
Биылғы 24 ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кірді, Канада 58 адамға қарсы санкция енгізген. Олардың арасында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен қаржы министрі Антон Силуанов та бар.
Бұған дейін мамырда Ресей президенті Владимир Путиннің әйелі және екі баласының анасы делініп жүрген Алина Кабаева да санкцияға ілінген. Кабаевамен бірге тізімде ресейлік олигархтар, "Путиннің отбасы мүшелеріне жақын адамдар" деген 20-дан аса адамның есімі аталған.
30 мамырда Еуропа одағы саммитіне қатысушылар Ресей мұнайына эмбарго қоюға келісті, алайда Будапештің қысымынан кейін тыйым тек теңіз арқылы тасымалданатын мұнайды ғана қамтитын болып шешілді. Венгрия, Словакия, Чехия Ресей мұнайын "Дружба" құбыры арқылы алып отыр. Бірақ бұл үш елді санамағанда жыл аяғына дейін одаққа келетін Ресей мұнайы 90 пайызға қысқаруы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақ Ресейге жаңа санкция салды