Душанбеде тіркелген "Адам құқығын қорғау тәуелсіз орталығының" хабарлауынша, Тәжікстан ішкі істер министрі Азаттық радиосы Тәжік қызметі (Озоди радиосы) мен Настоящее Время журналистеріне жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Іске қатысты журналистер жәбірленуші болып танылған.
Озоди радиосы мен Настоящее Время журналистеріне 17 мамырда Душанбеде шабуыл жасалған. Таулы Бадахшандағы азаматтық белсенді Улфатхоним Мамадшоевамен кездесіп, сұхбат жазып алғаннан кейін журналистер Анушервон Арипов, Насим Исамов, Муллораджаб Юсуфзода мен Барот Юсуфиді қарапайым киімдегі белгісіз біреулер көліктен күштеп шығарып, қолындағы кәсіби техникалары мен телефондарын тартып алған.
Адвокат Абдурахмон Шариповтың сөзінше, 7 маусымда қылмыстық іс аясында тергеу жұмыстары басталған. Душанбенің Сино ауданына қарасты ОМВД-2 бөлімшесінің тергеушісі журналистерге жасалған шабуыл мен олардың мүлкін тартып алу фактісі бойынша "ұрлық" бабымен іс қозғаған.
Журналистер мұның қарапайым ұрлық я тонау емес екеніне сенімді. Себебі шабуыл жасағандар журналистердің аты-жөнін білген, ақшасын қайтарып беріп, тек диктофон, видеокамера мен телефондарын алып кеткен. Шабуылға күдіктілер әлі ұсталған жоқ.
65 жастағы Ульфатхоним Мамадшоева Душанбеде 18 мамырда қамауға алынды. Көп ұзамай, 24 мамырда "Точикистон" мемлекеттік телеарнасында Бадахшандағы оқиғалар туралы деректі фильм көрсетіліп, онда қамаудағы журналист, азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоева мен оның бұрынғы күйеуі Холбаш Холбашовтың Таулы Бадахшандағы көтеріліске "қатысы бар екенін" мойындағаны көрсетілді.
Кей сарапшылар, Мамадшоеваға қысым жасалғандықтан амалсыз "мойындаған" деп біледі. Өйткені қамауға дейін Мамадшоева көтеріліске өзәнәі еш қатысы жоғын айтып келген.
Таулы Бадахшан автономиялы облысында 16-18 мамыр күндері өткен митингіден кейін "террорға қарсы операция" жүргізіліп, ондаған адам зардап шегіп, кейбірі қаза тапты, 100-ден астам адам ұсталған.