УКРАИНА ШЫҒЫСЫНДАҒЫ ШАЙҚАС ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Украинаның шығысындағы Северодонецк қаласы үшін шайқас Донбасс аймағының тағдырын шешуі мүмкін деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский. Қазір Ресей артиллериялық күшін пайдаланып, маңызды индустриялар орналасқан Северодонецктен Украина күштерін шығаруға тырысып жатыр.
"Соғыстың 105-күнінің қорытындысы бойынша, Северодонецк Донбастағы шайқастың эпицентріне айналды" деді Зеленский 8 маусымдағы видеомәлімдемесінде. Оның сөзінше, Украина күштері қазір өз позицияларын қорғап, қарсыласты айтарлықтай шығынға ұшыратып жатыр.
"Бұл – өте қиын жүріп жатқан кескілескен шайқас. Осы соғыстағы ең ауыр шайқас та болар. Сол жерде шайқасып жатқан әр адамға алғысым шексіз. Олар қазір Донбасстың тағдырын шешіп жатыр" деді Зеленский.
Луганск облысының губернаторы Сергей Гайдай Телеграмм каналында Ресей әскері "Северодонецкінің басым бөлігін бақылауда ұстап отырғанын" жазып, бірақ қаланың индустриялық аймақтары "біздің қолда" деді. Оның сөзінше, қала көшелерінде шайқас әлі жүріп жатыр.
"Орыстар бәрін жойып, танкі мен артиллериядан тұрғын үйлерді атқылап жатыр" деді Гайдай телеарнадағы мәлімдемесінде.
Украинадағы соғыс айналасындағы басқа да жаңалықтар:
- Өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасының" жоғарғы соты Украина тарабында соғысқан британиялықтар Эйден Аслин мен Шон Пиннерді және марокколық Саадун Брагимді өлім жазасына кесті
- Ал Ресей президенті Путин 9 маусымда Петр І арналған жиында "18-ғасырда Петр І жаңа аумақтарды басып алған жоқ, Ресейдің жоғалған аймақтарын қайтарды, біздің мойнымызға сондай міндет түсті" деді. Путин бұл сөзін Украинадағы оккупацияланған аймақтарды Ресейге қосу туралы референдум өтеді деген сыбыстар шыға бастағанда айтты. Ол 24 ақпанда Украинаға соғыс ашқанда Украина аумағын оккупациялау мақсаттарына кірмейтінін айтқан еді.
- БҰҰ есебінше, Украинадағы соғыста кемі 4 мыңнан аса бейбіт тұрғын адам қаза болған.
- Украина қорғаныс министрлігі соғыста күніне жүздей украин солдаты қаза тауып, бес жүздей солдат жараланып жатқанын айтады.
- Киев мэриясы Минскіні "ағайынды қала" статусынан айырды.
Северодонецк қаласы кейінгі уақытта Украинадағы соғыстың негізгі шайқас орнына айналды. Ресей Киевті алу талпынысы сәтсіздікке ұшыраған соң әскери күшін Украина шығысына қарай бұрып, осы қалаға шабуылды үдетті.
Гайдай РБК-Украина медиасына берген сұхбатында "Украина әскерилері бұл қалада қарымта шабуылға шығып, қаланың жартысын тазартқанын, бірақ Ресей әскері артиллериядан және әуеден шабуылды үдеткенде Северодонецкте қалудың мән болмағанын" айтты. Гайдай Ресей әскерилері Сереводонецк маңындағы Лисичанск қаласын да атқылағанын мәлімдеді.
"Лисичанск толығымен Украина әскерінің бақылауында, бірақ күшті шабуылдар жасалып жатыр. Ресей күштері әдейілеп, ауруханаларды, гуманитарлық көмек орындарын атқылады. Қираған жер көп" деп жазды Гайдай Телеграмм каналда.
Соғыс кезінде Гайдан мен Зеленскийдің айтқандарын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
"АЗЫҚ-ТҮЛІК РЕСЕЙДІҢ ТАҒЫ БІР АРСЕНАЛЫНА АЙНАЛДЫ"
Украина шығысындағы соғыс өршіген тұста Ресей сыртқы істен министрі Сергей Лавров Анкарада Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглумен кездесіп, Украинада қақтығыс аймағында қалып қойған бидайды шығару мәселесін талқылады.
Украина – әлемде бидай экспорты бойынша лидер елдердің бірі, Ресей бұл елдің порттарын блоктап; бомбалаулардың кесірінен экспорт күрт азайды. БҰҰ Украинадағы соғыстың кесірінен әлем елдерінде аштық болуы мүмкін деп дабыл қаққан.
8 маусымда Ресей президенті Владимир Путин халықаралық қауымдастық Ресейге салынған санкцияларды алса ғана Украинадан бидай тасымалдау жағын ойланатынын айтқан. Батыс елдері Путиннің бұл талабын орындамайтын жеткізіп, Ресей әлемдік азық-түлік тапшылығын қару ретінде қолданып отыр деп айыптаған.
Анкарадағы кездесуде Чавушоглу теңізден қауіпсіз дәліз ашуды қолдағанымен, Лавров Украина өзінің порттарын бомбадан тазартуы тиіс деп мәлімдеді. Ол егер Украина порттарына қойған бомбаларын алса, Ресей Қара теңіздегі әскери-теңіз күштерін қарсы пайдаланбайды деді.
Украина өкілдері Анкарадағы жиынға қатысқан жоқ. Ресми Киев Ресей теңізден ашылатын дәлізді Одессаға шабуыл жасауға пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді. Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Боднар бұл келіссөзден нәтиже шықпағанын, екі тарап бір-біріне өз шарттарын қойғанын айтты.
Түркия тарапы орыстардың ұстанымы жайлы ақпаратты алды, енді Украина мен Түркия ортақ шешім қабылдау үшін ақылдасады" деді Боднар.
Украина елшісі Ресейді "ақымақ ойын ойнап отыр" деп айыптап, Кремльден порттарды ашуды талап етті.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель Страсбургтегі Еуропарламентте Путин Украинаға ауыл шаруашылық өнімдерін әлемде тасымалдауға кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді.
"20 млн тонна бидай қазір Украинада қаңтарылып тұр. Азық-түлік Кремльдің террор әрекетіндегі тағы бір арсеналға айналды, біз бұған төзбейміз" деді фон дер Ляйен.