Северодонецкінің "әр метрі үшін" шайқас жүріп жатыр. Украинадағы соғыстың 110-күні

Донбасс аймағындағы Украинаның әскери техникасы. 12 маусым 2022 жыл.

Украина шығысындағы Северодонецк қаласы үшін шайқас күшейе түсті. Ресей артиллериялық шабуылдарын үдетіп, қаланың басым бөлігіне бақылау орнатқаны айтылды. Ресми Киев Ресеймен соғысқа нүкте қою үшін қанша қару керегін ашық мәлімдеді. Украинадағы соғыстың 110-күні не болды?

"РЕСЕЙ СЕВЕРОДОНЕЦКІНІҢ 70 ПАЙЫЗЫНА БАҚЫЛАУ ОРНАТТЫ"

13 маусымда Украинаның бас штабы Ресей әскері украиналық күштерді Донбасстағы Северодонецк қаласының орталығынан кері шегіндіргенін мәлімдеді. Мәлімдемеде Ресей әскері қала орталығын артиллериямен атқылап, онда қалған украиналық солдаттарды шығарғаны айтылады.

Украина президенті Владимир Зеленский 12 маусымдағы кешкі мәлімдемесінде Ресей әскерилері бейбіт тұрғындар мен әскерилердің қаладан шығатын негізгі көпірді жарып жіберсе де, әскерилер Северодонецктің "әр метрі үшін" күресіп жатқанын айтты.

"Оккупанттардың негізгі тактикалық мақсаты өзгерген жоқ. Олар Северодонецкті басып алуды ойлайды, бұл қалада әрбір метр үшін шайқас жүріп жатыр. Ресей әскерилерін Донбассқа шоғырландырып, тәжірибесі жоқ жас солдаттарын кескілескен шайқасқа, өлімге жіберіп жатыр" деп мәлімдеді Зеленский.

Украина президенті "мұндағы Украина жерінің әр метріне қан төгілген, бұл – біздің қан ғана емес оккупанттардың да қаны" деді.

Луганск облысының әскери губернаторы "қазір Ресей Северодонецк қаласының 70 пайызына бақылау орнатты" деп мәлімдеді. Ол орыс әскерилері Северодонецк пен Лисичанск қаласын жалғап жатқан маңызды үш көпірдің екеуін жарып жібергенін айтты. Бұл көпірлер Солтүстік Донецк өзеніне салынған.

Донбасс аймағында жүрген Украина әскерилері. 9 маусым 2022 жыл.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі 13 маусымдағы соғыс жайлы хабарламасында "алдағы айларда Ресей әскері өзеннің екінші жағына өте алса соғыстың тағдырын шешетін факторға айналуы мүмкін, бірақ бұл олардың қолынан әлі келер емес" деп жазды.

Украина әскерилері қиындыққа тап келгеніне қарамастан Зеленский ел әскері Ресейге Украинаның шығысын тез басып алуға мүмкіндік бермеді деп мәлімдеді.

"Мамырдың басында Ресей Украинаның шығысындағы Донбасс аймағын толық басып алуды жоспарлағаны естеріңізде ме? Қазір маусым айы болды. Донбасс берілген жоқ" деді Зеленский.

Қазір Украинадағы соғыстың негізгі шайқасы Северодонецк қаласы үшін жүріп жатыр. Зеленский Северодонецк қаласы үшін шайқас Донбасс аймағының тағдырын шешуі мүмкін деп мәлімдеген еді.

Бұл қала Ресей әскерінің артиллериялық шабуылынан қатты қирап, Мариупольдың күйін кешті. Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кірген бетте Мариупольды қоршап, бірнеше айға созылған шайқастан соң бұл қаланы басып алған.

УКРАИНАҒА СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ ҮШІН ҚАНША ҚАРУ КЕРЕК?

Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк "Ресейдің басқыншылығын тоқтату үшін Украинаға қандай және қанша қару керегін" жазды. Оның есебінше, Украинаға 155 мм калибрлі 1000 гаубиц, 300 артиллериялық ракета ататын жүйе, 500 танк, 2000 бронтехника, 1000 дрон қажет.

Подоляк АҚШ президенті Джо Байденнің Зеленский 24 ақпанға дейін америкалық барлаушылардың Ресейдің шабуылға дайындалып жатқан ескертулеріне құлақ түрмеді деген сөзін сынға алды.

Подоляк Twitter желісінде Батыс елдерін Украинаға қару-жарақты ертерек бермеді деп айыптады. "Мәскеудің шабуыл жоспарын біле тұра басқа елдердің үнсіз отырғаны сұрақ туғызады. Ауыр қаруларды қаңтарда ала бастасағанда жағдай мүлде басқа болар еді" деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әлсіреген" Ресейдің Донбассты басып алуға күші жете ме? Северодонецк шайқасы қалай жалғаспақ?

Зеленский 12 маусымдағы видеомәлімдемесінде батыс елдерінен тағы да қару-жарақ сұрады. Ол Ресей Донецк және Луганск облысындағы әрбір қаланы құртуды көздейді деп мәлімдеді.

"Бұрын бақытты өмір кешіп жатқан қалалар қазір қирап қалды. Қираған әр қаладағы өрт іздері, жарылыстан үңірейген жерлер – Ресейдің өз көршілеріне, Еуропаға, әлемге жасайтын әрекеті" деді Украина басшысы.

Украина бас штабы Северодонецк қаласынан 50 шақырымдағы Богородичное қаласына бақылау орнатқанын мәлімдеді. Сарапшылар Богородичное қаласын алу Ресейге тағы бір маңызды әрі ірі Славянск қаласына шабуыл жасауға жол ашуы мүмкін.

Украина бас штабы 24 ақпаннан бері Ресей 32 мыңнан аса әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Киев бұған дейін күніне 100 солдаты қаза болып, 500 әскериі жараланып жатқанын айтқан.

Соғыс уақытында екі тараптың кейбір мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.