Еуропа одағы Каирде Израиль және Египетпен Еуропаға сұйылтылған табиғи газ сату туралы келісімге қол қойды. Египет Израиль өндірген газды сұйылтып, Еуропаға жөнелтіп отырмақ. Ал Еуропа одағы Израиль мен Египетке табиғи газ өндірісін ұлғайтуға және олардың теңіз айлағындағы жаңа кеніштерін барлау жұмыстарына көмектесетін болады.
Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағына газ сату туралы жаңа келісімдер одақтың Ресейге тәуелді болмауына септеседі деп мәлімдеді. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Еуропа одағы сырттан сатып алатын газдың 40 пайызға жуығы Ресейден келеді. Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Еуроодақ Мәскеуге санкциялар салып, газ сатып алатын басқа жерлерді қарастыра бастаған.
Жерорта теңізінің Израильге тиесілі бөлігінде екі газ кеніші жұмыс істеп тұр. Оларда 690 миллиард текше метр газ қоры бар дейді сарапшылар. Тағы бір газ кенішін игеру енді басталған. Келісімге сәйкес, Израиль кеніштен өндірілген газды Египеттегі терминалға жеткізіліп, сол жерде сұйылтылғаннан кейін Еуропаға танкермен тасымалданатын болады.
Израиль энергетика министрі Карин Эльхаррар газ туралы жаңа келісім Израиль мен Египет арасындағы әріптестікті нығайтуға да септеседі деп есептейді. Оның сөзімен Египеттің мұнай-газ өнеркәсібі министрі Тарек әл-Молла да келіседі. Ол Еуропа, Израиль мен Шығыс Жерорта теңізі газ форумы арасында жаңа байланыс орнайды деп үміттенетінін айтты. Шығыс Жерорта теңізі газ форумына Египет пен Израильге қоса Иордания, Кипр, Грекия, Франция, Италия және ішінара танылған Палестина мемлекеті де кіреді.
Египет араб елдері арасында Израильмен бейбітшілік туралы келісімге отырған алғашқы мемлекет. Кейінгі жылдары Египет пен Израиль қарым-қатынасы жақсы дамып келе жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ресейге тәуелді болғысы келмеген Еуроодақ Африкадан газ сатып алуға мүдделіФранцияның TotalEnergies компаниясы Еуропа одағына Катар газын жеткізедіКанада Ресейге көрсетілетін "өмірлік маңызы бар" 28 қызмет түрін экспорттауға тыйым салдыПутин: Еуропа санкцияларын алса, Ресей астық экспорттауға дайын"Тәуелділіктен құтылудың ауыр өтемі". Еуроодақ Ресей газынан бас тарта ала ма?