Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өтіп жатқан экономикалық форумда Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарын "Қазақстан мойындамайды" деп мәлімдеді.
Ресей президенті Владимир Путин қатысып отырған форумда кремльшіл журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясына" пікірін сұраған.
Тоқаев "Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады... Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз" деп жауап берді.
Санкт-Петербургтегі форумға шетелдік президенттерден тек Тоқаев барған.
Ақпанның ортасында Кремль Украинаның Донбасстағы ресейлік сепаратистердің бақылауындағы "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасының" тәуелсіздігін таныған.
Осыдан соң 24 ақпанда Кремль Украинаны "денацификация" және "денационализация жасаймыз" деп Украинаға басып кірген. Кремль басында Киевті алмақ болғанымен, сәтсіздікке ұшырады. Кейін Мәскеу Украинадағы әскери күшін Донбассқа бұрып, қазір осы аймақты толық алуға тырысып жатыр.
Ресейдің экономикалық одақтасы Қазақстан Мәскеу басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Ресми Нұр-Сұлтан Ресей Украинаға басып кірген соң екі тарапты келіссөздерге шақырып, қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырып келген.
Қазақстан БҰҰ-да Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде талаптар жазылған резолюцияға дауыс беру кезінде екі рет қалыс қалған. Ал Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығару туралы дауыс беруде Қазақстан қарсы болған (94 ел қолдап, 24 ел қарсы шыққан).
6 наурызда Алматыда жергілікті биліктің рұқсатымен Украинаны қолдау және Ресейдің басқыншылығына қарсы митинг өтіп, мыңдаған адам қатысқан. Жақында Нұр-Сұлтан әкімдігі белсенді Әйгерім Шадееваға 25 маусымда Украинаны қолдау акциясын өткізуге рұқсат етті.
Тоқаев сондай-ақ импортты алмастыру жайлы сұраққа да жауап берді. Қазақстан президенті қазіргі әлемде импортты толығымен алмастыру мүмкін емес екенін айтып, Қазақстанның халықаралық әріптестікті қолдайтынын, оқшаулануға қарсы екенін мәлімдеді.
Жиын кезінде Қазақстан мен Ресей достығы да сөз болды. Тоқаев Қазақстан туралы түрлі сөз айтатын Ресей депутаттарына, журналистеріне және мәдениет қайраткерлеріне назын білдірді.
"Осы мінберді пайдалана отырып, Ресейдің бірқатар депутатының сөздеріне шағым айтқым келеді. Қазақстанға бағытталған орынсыз сөздер, журналистердің, тіпті мәдениет қайраткерлерінің қате мәлімдемелері. Владимир Владимирұлы жоғары басшылықтың, Кремльдің өзге мемлекеттерге, соның ішінде менің еліме қатысты ұстанымын тәптіштеп түсіндірді. Ол үшін оған алғыс білдіремін. Шынымен де, біздің халықтардың арасында түрлі жолмен қоздыратындай ешқандай мәселе жоқ. [Мұндай мәлімдемелер] Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді. Бұл сөздер мен үшін түсініксіз" деді ол Ресей қайраткерлерінің Қазақстан басшылығының шешімдерін түрлі сарында сынай беретінін атап өтіп.