Украина Жоғарғы радасы қоғамдық орындар мен медиада Ресей музыкасын пайдалануға тыйым салатын заң қабылдады.
Жаңа заң Ресей әншілерінің туындыларын және Ресейдің Украинаға агрессиясын қолдаған авторлар мен әншілердің музыкалары мен әндерін қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салады. Бұл тыйым - агрессия тоқтап, Украина жері түгел азат етілгенше жалғасады.
Сөз – орыс тіліндегі әндер жөнінде емес, Ресей авторларының туындылары туралы болып отыр. Украина Ресей агрессиясын жұрт алдында айыптаған музыканттар тізімін жасамақшы, олардың туындыларына тыйым салынбайды.
Украина Жоғарғы радасы Ресей мен Беларусь және Украинаның Ресей басып алған аумақтарынан баспа өнімдерін Украина жеріне таратуға да тыйым салған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өзгенікіне тиіспейміз, бізге тиесіліні қайтарып аламыз". Ресей балабақшасы мен мектебіндегі үгіт-насихат- Биыл 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Украинаның бірқатар қалалары мен аймақтары Ресей музыкасынан бас тартқан болатын. Кейбір қалалар Ресеймен қандай да бір байланысы бар көше атауларын өзгерткен. Тіпті, кей өңірде Александр Пушкин ескерткіші қиратылған дейтін хабарлар да бар.
- Қазір Украина мектеп бағдарламасынан орыс тілі мен әдебиетін алып тастау мәселесін талқылап жатыр. Ақпан айында шабуылға ұшыраған Николаев билігі 1 қыркүйектен бастап орыс тілі пәнін толығымен алып тастау жөнінде шешім қабылдаған. Ресей басып алған аумақтардың ресейшіл билігі, керісінше мектептерді орыс тіліне ауыстыра бастағанын мәлімдеген.