Атырауда қаңтарда оққа ұшқан жігіттің қылмыстық ісі тоқтатылды. Тергеу "полицей қорғану үшін оқ атқан" дейді

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған Алмаз Берекенов.

Атырауда Қаңтар оқиғасы кезінде облыс әкімдігі ғимаратының маңында оққа ұшып қаза болған Алмаз Берекеновтің өлімі бойынша қозғалған іс тоқтатылды. Бұл туралы Азаттыққа марқұмның туысқан әпкесі Жаннат Берекенова айтты.

Берекеновтің қазасынан соң 5 қаңтарда "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Атырау облысы полиция департаментінен қылмыстық істі тоқтатқаны жайлы хатты істе жәбірленуші деп танылған Жаннат Берекенованың мекенжайына 21 маусымда келген.

Жаннат Берекенованың қолында 23 маусымда тиген тергеу қаулысында іс "қылмыстық құқық бұзу болмағандықтан" тоқтағаны жазылған. Тергеуші қол қойған құжатта Алмаз Берекеновке оқ тигені, оған оқ атқан полицей іс бойынша күдікті емес куәгер ретінде жауапталғаны жазылған.

Қаулыда "әкімдік алдына келгендер полицейлердің бірнеше ескертуіне қарамастан тас атып, агрессиялық әрекеттерін қоймағаны", осыдан соң полицейлер "өздерін қорғау үшін қару қолданғаны" да айтылған.

Істі тергеген тергеуші Дәурен Айдосынов Азаттыққа "полицейлер өз өмірін қорғау үшін қару қолданған, бұл заңды әрекет деп танылды" деді.

Жәбірленуші Жаннат Берекенова "полицияға барғанымда бауырыңызды жұмыс барысында абайсызда атып алған деген сияқты сөз айтқан еді. "Атқан адамды артынан ұрып тастап, басы шайқалып астанада операцияда жатыр" деген әңгіме де айтты. Осыдан-ақ іс тоқтатылатын болар ақыры деп ойладым" дейді.

Жаннат Берекенова іс әділ тергелмеді деп санайды және қаулымен келіспейтінін айтады. Ол органдардан інісінің қазасына кінәлі адамды өзімен, отбасымен, туыстарымен кездестіруді сұрап арыз жазып кеткен. Бұған қоса, жәбірленуші қаулыны заңсыз деп тану туралы және істің әділ тергелуін талап етіп, прокуратураға арыз жазбақ.

Алмаз Берекеновтің мәйіті 5 қаңтарда Атырауда облыс әкімдігі ғимаратының артында салынып жатқан жаңа ғимараттың ауласынан табылған еді.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға қантөгіске ұласты. Билік 5 қаңтарға дейінгі жағдайды наразылық деп атап, 5 қаңтардан кейінгі оқиғаны "бандиттердің ісі" әрі "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деді.

Қаңтар оқиғасында, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапты. Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар қырғыны бойынша бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр. Билік тергеу құпиясына сілтеп қаңтардағы оқиғада қаза болғандардың тізімін әлі жариялаған жоқ, "мемлекеттік төңкерісті" кімдер жасамақ болғанын да айтпады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қудалаушы ел". CIVICUS Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстанда адам құқығы "қатты нашарлағанын" айтады"Видео жойылып кетті". Қаңтар оқиғасынан кейін тергеуде болған азаматтың жұмбақ қазасыНазарбаевтың "дақ түскен" мұрасы, Тоқаевтың жауапкершілігі және Қаңтар төңірегіндегі жауапсыз сұрақтар