Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "тарихи рөліне құрметпен қарауға" шақырды. Бұл туралы ол 23 маусымда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты шарада айтқан.
"Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан, тұңғыш президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек" деп мәлімдеген Тоқаев. Ол "саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн" дейді.
Тоқаевтың сөзінше, Назарбаевтың "саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек".
"Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн. Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек. Көп сөздің қажеті жоқ, нақты іске көшуге тиіспіз" деген Тоқаев.
Қазақстанда биыл қаңтарда болған қантөгістен кейін елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке ықпалы бұрынғыдан өзгерген. Оның серіктері мен туыстары лауазымнан босатылып, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Тоқаевтың бастамасымен 5 маусымда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев өзі билікте болған кезде Конституцияға енгізілген ерекше статусынан айырылды. Осы статусы мен бірінші президент туралы қабылданған заң Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне қол сұуға болмайтындығына кепілдік беретін. Енді ол заңның да күшін жою туралы сөздер айтылып жүр.
Президент Тоқаев ел полициясының 30 жылдығына арналған шарада биылғы Қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдары "батылдық" танытқанын айтты.
"Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген. Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті" деді Тоқаев.
Биыл қаңтардың басында Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан, жұмыссыздық пен кедейліктен қажығанын айтқан халық наразылық митингісіне шығып, үкіметке талап қойған. Әлеуметтік проблемалармен бірге саяси талаптар да айтылған.
Бұл наразылық толқыны Қазақстанның өзге де өңірлерін қамтыған. Кейінірек бірқатар қалада наразылық дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік мекемелер, сауда орындары және басқа да дүние-мүлік өртеніп-қиратылған. Елдің ең ірі қаласы Алматыда дүрбелең басталғанда полиция мен ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері көзге түспей кеткенін оқиға куәлары айтқан еді.
Президент Тоқаев елде төтенше жағдай жариялап, "ескертусіз атуға бұйрық бергенін" мәлімдеген. Қазақстан билігі Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жәрдем сұрағаннан елге шетел әскері кірген.
Қаңтар қырғыны кезінде, ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адамның өмірі қиылған.
Президент Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз атуды бұйырғаннан кейін оққа ұшып қаза тапқандардың арасында тәртіпсіздікке қатысы жоқ ондаған адам, тіпті балалар да болды. Сол кезде түсірілген видеолар мен атыс оқиғаларын зерттеп-талдаған құқық қорғаушылар кейбір жағдайда "қару жосықсыз қолданылғанын" айтады. Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынғандардың полиция мен тергеу абақтысында аяусыз азапталғаны, бірнеше адамның содан өліп кеткені мәлім болды.
БҰҰ, Amnesty International, Human Rights Watch және өзге де ұйымдар Қазақстан билігін Қаңтар дүрбелеңі кезіндегі халыққа оқ ату, күшпен ұстау және азаптау, қысым көрсету фактілеріне байланысты қатаң сынап, оқиғаны жан-жақты зерттеу қажетін айтқан.