23 маусымда Нұр-Сұлтан полициясы астанаға Жаңаөзеннен барып, мұнай саласына жұмысқа тұруға үкіметтен жәрдем сұрап, екі аптаға жуық уақыт еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдына түнеп жүрген 19 адамға 15 мың теңге (шамамен 33 доллар) айыппұл салды. Билік оларды "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін адамның заңды талабына бағынбағаны" (Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 443-бабы) үшін әкімшілік жазаға тартқан. Бұл туралы Азаттыққа солардың бірі Ерлан Өтенов хабарлады.
Оның айтуынша, таңертеңгі жетіде жаңаөзендік жұмыссыздар ұйықтап жатқан министрліктің алдына полиция арнайы жасағы барған. Жұмыссыздар Азаттыққа жолдаған видеода өзін Есіл ауданы әкімдігі қызметкерімін деп таныстырған адам дауыс зорайтқыш құралдың көмегімен сөйлеп, олардың бұл жатысы "рұқсат етілмеген акция болып саналатынын" айтып, "үйге қайтуды" талап еткені жазылған. "Егер бағынбасаңыздар ішкі істер органы шара қабылдайды" деп мәлімдеген ол.
Бұдан кейін министрлік алдында адамдардың жинала бастағанын, жұмыссыздардың неліктен он күн бойы жоламай, енді келіп тұрсыздар деген сұрағына прокуратура өкілі жауап бермегенін видеодан көруге болады.
Өтеновтың сөзінше, полиция арнаулы жасағы оларды көлікке салып, Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізген.
– Біз 12 маусымнан бері осы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдында түнеп жүрміз. Талаптарымызды қағазға түсіріп, осы министрлікке, Ақордаға жөнелттік. Бірақ әлі жауап жоқ. Министр Тамара Дүйсенова қабылдай ма деп ойлағанбыз, ешқандай реакция болмады. Ал бүгін таңертең полиция арнаулы жасағы (СОБР) аяқ-қолымызды қайырып алып кетті, – деді Өтенов. "Не үшін апарғанын түсінбедік. Полиция хаттама толтырып, айыппұл салды. Қолымызға ешқандай қағаз бермеді" дейді ол.
Полиция әкеткен азаматтардың телефонына бүгін түскен SMS-хаттарда оларға салынған айыппұлды жеті күннің ішінде жеңілдікпен, яғни 7657,5 теңге (қазіргі бағаммен шамамен 17 доллар) төлеуге болатыны жазылған. 443-бапта әкімшілік жауапқа тартылғандарға бес айлық есептік көрсеткішке тең мөлшерде айыппұл салу қарастырылған.
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында ондаған адам жергілікті әкімдік алдына қонып, мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп жүр. Жұмыссыздардың бір тобы 12 маусымда астанаға, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шенеуніктермен келіссөз өткіземіз деп келген.
Бейсенбіде полиция министрлер үйінің алдына алып кеткендердің бірі – 21 жастағы Ислам Мұрадов қаржының жоқтығынан Ақтаудағы технология және инжиниринг университетіндегі оқуын жалғастыра алмай, екінші курстан тастап кетуге мәжбүр болғанын айтады.
– Біз орындалмайтын талап қойып отырған жоқпыз ғой. Бізге 500-600 мың теңге жалақы төле, бірден "Өзенмұнайгаз" компаниясына жұмысқа кіргіз деп айтып отырған жоқпыз. Бізді сол "Өзенмұнайгаздың" он алты бөлімшесіне кіруге мүмкіндік беретін "Өзенинвест", "Таза су" тәрізді мекемелеріне орналастырып, кейін ауыстырса да келісеміз, – дейді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі жаңөзендік жұмыссыздарды ұстап, айыппұл салу жайлы түсініктеме бермеді. Астанада жүрген Жаңаөзен қалалық мәслихаты депутаттары Асқар Ноғаев пен Орынбасар Сейітов бүгін айыппұл салынған жұмыссыздарға жолығып, үйге қайтуды ұсынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасы бастау алған қалада наразылық күшейіп тұр