"Жетілік топқа" (G7) кіретін барлық елдердің жетекшілерін әлем экономикасының өсімі баяулап, инфляция күшейгені алаңдатады. Бұл жөнінде Германия канцлері Олаф Шольц әлем экономикасына арналған G7 саммитінен кейін мәлімдеді.
"Жетілік топ" елдері 2027 жылға дейін дамушы елдердің инфрақұрылымын дамытуға 600 миллиард доллар тартуды жоспарлап отыр. Бұл бағдарлама Қытайдың триллиондаған долларға бағаланатын "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасымен бәсекелесуге тиіс. Ортақ бюджетке АҚШ 200 миллиард доллар салатын болды.
Ақ үй сайтында жарияланған меморандумда, АҚШ президенті Джо Байден мен "Жетілік топтың" өзге де жетекшілері дамушы елдердің инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жоятын, әлем экономикасын нығайтатын, тауар тасымалы тізбегін күшейтетін ресми серіктестікті іске қосатыны айтылған.
Бұл қаржы климат және энергоқауіпсіздік, цифр байланыс, денсаулық сақтау және гендер теңдігі саласына бөлінеді.
Мұнан өзге Шольц пен Байден Украинаға әскери көмекті жалғастыра беруге уағдаласқан. Bloomberg агенттігі "Жетілік" декларациясының жобасында Украинаға әскери, гуманитарлық, дипломатиялық көмек қанша керек болса, сонша берілетіні жазылғанын айтады.
G7 саммиті 26-28 маусым аралығында Бавария Альпісіндегі Эльмау сарайында өтеді. Бұл топқа Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония және АҚШ кіреді. Биыл Индонезия мен Үндістан да шақырылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ G7: Ресей Украинаға шабуыл салдары өзіне ауыр тиетініне күмәнданбауға тиіс ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ G7 саммитінде Қытайға қарсы жоспар ұсынылды