Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп қамалған Абылайхан Бекеевтің туыстары тергеу барысына наразылық білдіріп, 29 маусымда облыс прокуратурасына барды.
Жалпы саны 15 адам Абылайхан Бекеевті жазықсыз деп санайды әрі қамау мерзімінің ай сайын ұзара беретініне наразы. 27 жастағы Абылайхан Бекеевтің тергеу изоляторына қамалғанына бес айдан асып барады. Ол 12 қаңтарда ұсталған.
Абылайханның ағасы Сағындық Бекеев "бауырым әлеуметтік теңдік сұрап, алаңға барған мыңдаған демонстранттың бірі ғана болатын. Тергеуші айыпты мойныңа алар болсаң, үйқамаққа шығасың деген. Інімнің алаңға барғаны рас. Бірақ ол тәртіпсіздік жасамаған. Ендеше нені мойындауы керек" дейді.
Айыпталушының шешесі Райхан Бекеева 12 қаңтар күні "көшеден ұсталған Абылайханды арнайы жасақ мәйітханаға апарып, психологиялық қысым көрсеткен" деп отыр.
Прокуратураға барған наразылармен Қаңтар оқиғасынан соң құрылған тергеу тобының жетекшісі Рүстем Құлымжанов пен прокуратура қызметкері Тимур Қыдыралин сөйлесті.
Тергеу тобының жетекшісі Құлымжановтың сөзінше, тергеушілердің қолында Абылайхан Бекеевтің әкімдік терезесінің жақтауын сындырып жатқан сәті түсірілген видео айғақ бар.
- Сіздер бұрын-соңды тергеу барысына шағым айтып, маған келген емессіздер. Талап-арыздарыңызды қағазға түсіріп беріңіздер. Тергеу мүддесіне орай кей жайттарды жария ете алмаймын, бірақ Бекеевтің адвокатымен кездесуге дайынмын, - деді Құлымжанов.
Азаттық Абылайхан Бекеевтің туыстары арқылы адвокат Көлжановпен байланыспақ болған еді. Алайда ол пікір білдіруден бас тартты.
Туыстарының сөзінше, өз отбасынан бөлек үш баласы бар жесір әпкесі, науқас шешесі мен кәрі әжесінің жалғыз асыраушысы Абылайхан Бекеев қамалғанға дейін құрылыста тас қалаушы болып еңбек еткен. Үш жастағы қызы бар.
2022 жылы қаңтардың басында газ бағасын 50 теңгеден асырмау туралы талаппен ереуілге шыққан Жаңаөзен тұрғындарын қолдау үшін Қазақстанның көптеген аймағында басталған акциялар біртіндеп саяси талап қойған наразылыққа ұласқан. Кейін бұл наразылық тәртіпсіздікке ұласып, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза болды.
Оқиғадан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамның үстінен "жаппай тәртіпсіздік", "терроризм", "тонау", "қару ұрлау" айыптарымен іс қозғалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы оқиғаның хронологиясы